Ер есімі ел есінде...

Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары

Ботаханова Ж.
К.Бозтаев атындағы жалпы білім беру мектебі, 10-сынып,
Аягөз қаласы

Жемісті жылдарға жол салған Жеңіс

Жасасын Жеңіс!
Бақытты елім күле бер!
«Мәңгілік ел» боп  болашағыңа жүре бер!
Бейбіт өмірді сыйлаған батыр ұлдарға
Тағзым етіп әрдайым басын иеді ел!
Ж.Ақылбайұлы

Соғыс... Ұлы Отан Соғысы...
Осы бір ауыз сөзге қанша қайғы-қасірет, қаншама жазықсыз төгілген қан, қыршынынан қиылған тағдыр, көл-көсір көз жасы сыйып кетті. Осы суық сөз бір ғұмыр емес, сан мыңдаған- миллиондаған  ғұмырды, сан мыңның қуанышы мен қызығын жалмады. Осыдан 70 жылдай бұрын өтіп кетсе де, ол жайлы айтпауға, оның құрбандары жайлы жазбауға, оларды ұмытуға бола ма? «Уақыт - емші» дегенмен, 70 жыл жүректегі жараларды жаза алды ма?.. Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы айтқандай «біздің елде Ұлы Отан соғысының жалынына шарпылмаған бірде-бір жанұя жоқ». Өзгені айтпағанда, өзіміздің Аягөзден-ақ соғысқа аттанып, алайда туған жердің бір уыс топырағы бұйырмай, майдан даласында көз жұмған аталарымызды қалай ұмытамыз. Қаншамасы белгісіз солдаттар қатарында хабарсыз кете барды емес пе.
Бақытымызға қарай, біз ол соғысты көрген жоқпыз. Біз соғыстың қатігез бейнесін тек кітаптардан оқып, кинолардан көргеніміз және ардагер аталарымыздың естеліктері  бойынша ғана елестетеміз. Сөйтсе де, Ұлы Отан соғысы жайлы жазылған жырларды, шырқалған әндерді жан-жүйең босамай, жүрегің тебіренбей, денең түршікпей тыңдау мүмкін бе?..  Жоқ, ол мүмкін емес.
Біз соғысты көрген жоқпыз.
Бізге соғыстың қажеті жоқ.
Біз соғысты жек көреміз.
Соғыс «мейірім», «адамгершілік», «сүйіспеншілік», «махаббат», «өркениет» дегенді білмейді. Оған  «болашақ» деген ұғым тән емес.Қазір мен, менің замандастарым «ертең анаған қол жеткізсем»,  «бүрсігүні мынаны сатып алсам» деп армандаса, аталарымыз соғыста жүріп «ертеңгі күнді қарсы ала алам ба?», «келесі күні тірі болам ба, өлі болам ба?» деп алаңдаған екен. Өйткені соғыс ешқандай заңға да бағынбайды. Оның өз заңы бар. Соғыстың заңы өмірдің заңына қайшы. Сондықтан адамзат соғысты құртуы керек. Әйтпесе соғыс адамзатты құртады. Есі дұрыс адам әлемге соғыс тілемесе керек. Бейбіт өмірде ұлы - қартайған әкесін жерлесе, соғыста - қартайған әке қыршын ұлын жерлейді.
Осылай болды. Таудай азаматтарымыз тарыдай қорғасыннан ажал құшты. Тепсе темір үзетін жастарымыз армандарына жете алмай, болашақ жоспарларының күлі көкке ұшты.
Қар жамылған кең дала қанға бөгіп,
Күрілдейді сұр аспан өлім төгіп.
Жас қазақ мұрттай ұшты уралап.
Жанын қиып кете алмай жас өмірден,
Асқақтаған арманға өрмелеумен
Жас қазақ жатты көзі от жайнап. (Р.Елебаев, Ғ.Мұстафин. «Жас қазақ»)
Қиялына қол созып, арманына асыққан өрімдей жастың өліммен бетпе-бет келуге қорықпауы өмірді сүйгендіктен еді. Осылай болды. Соғыс «қанша үйдің адамын ұрлап, қанша үйдің отын сөндірді». «Қимастарын қан майданға ұзатып, қарс айрылды аналардың жүрегі». Сүйген жарын, бауыр еті баласын, жанындай жақсы көретін інісі мен ағасын қайту-қайтпауы белгісіз қанды сапарға аттандырған ана жүрегі қалай қарс айрылмасын.
Кейде отырып ойға қаламын. «Бұл соғысты неге «ұлы» деп атады екен?» деп ойлаймын. Кітаптан оқығанымда, Ұлы Отан  соғысында жиырма миллионнан астам адам көз жұмған екен. Бұл дегеніңіз 1418 күнге созылған осы соғыста күніне 14000 солдат, сағат сайын 600 адам, әр минут сайын 10 адам қаза тапқан екен. Мен өзім ұлы мемлекет деп санайтын сүйікті Қазақстанымның барша халқын қосқанда осы соғыстың құрбандарының санына толмайды екен. «Е, бұл соғыс миллиондаған құрбандығымен ұлы болғаны ғой, жамандықтың, қайғы –қасіреттің де ұлысы болады екен-ау» деп ойладым. Соғыстың құрбандары сол 20 миллионмен ғана шектелді ме? Таң атқаннан түн батқанша тынымсыз еңбек етіп, жас өмірлері ерте солған аналарымыздың үзілген үміттерінің сұрауы кімнен? Балалық шағында шыбықты ат қылып ойнау арман болған ұрпақтың болмаған балалығының обалы кімге? Расында да бұл соғыс ұлы зұлмат болған екен. Ал, сол зұлматтан бізді құтқарған – Ұлы Жеңіс болатын. Ұлы Жеңісті сыйлаған Ұлы адамдар болатын.Олардың ұлылылығының арқасында тірлік пен бірлік ажалды жеңді, соғыс деген тажалды жеңді. Солардың ұлылығының арқасында өмір өлімді жеңді, әділет озбырлықты жеңді. Олардың ұлылығы сонда – олар осы құрбандықтың бәріне болашақ үшін, яғни, біздер үшін барды. Біз бейбіт күн үшін, әрбір арайлап атқан таң үшін оларға шексіз қарыздармыз. Сол үшін де менің оларға деген құрметім шексіз. Балалық  жүрегіммен оларға мың-мың алғыс айтып, тағзым етем, басымды ием.
Ендігі жерде олардың үмітін ақтау үшін қайтсек болады? Ол 9 мамырда шеруге шығып, ардагерлерге сыйлық таратумен шектелмесе керек. Менің ойымша, алдымен біз олардың отансүйгіштігін, еңбекқорлығын, шыдамдылығын үлгі етіп, өз бойымызға сіңіруіміз керек. Олардан елі мен жерінің адал патриоты болуды үйренуіміз керек. Сабағымызды үздік оқуымыз керек. Ол үшін бізге Отанымыз бар мүмкіндікті жасап отыр. Сол біліміміз арқылы тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосуымыз қажет. Елбасы айтқан «отыз елдің қатарына» елімізді қосу – басқаға емес, тек бізге байланысты екенін түсінуіміз керек. «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыра алсақ – сол соғыстың құрбандарының төккен терінің босқа кетпегені болар деп санаймын.
Алда Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығы  жақындап қалды.
Бұл мереке  –  ерлік пен елдіктің мерекесі! Бұл – абырой мен даңқымыздың мерекесі! Бұл - төзімділік пен табандылықтың мерекесі! Мерекелердің ұлысы, қаншама қыршындардың қанымен, жанымен, терімен келген, бағасына әлемнің байлығы жетпес құнды, қасиетті  мереке. Өмірде жамандықтың жеңіліп, жақсылықтың бәрібір жеңетінін тағы бір мәрте дәлелдеген мереке! Ендеше, мереке құтты болсын, бауырлар. Мәңгілік ел болуды мақсат тұтып, алға қадам басқан Ұлы Отанымызды ұлы соғыстар емес, ұлы жеңістер ғана күтсін!