Ер есімі ел есінде...

Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары

Бейсембева Ж.
Ақтоғай орта мектебі, Аягөз ауданы.

Жеңістің туы желбірей бергей биікте

Жаһанға жат болсын деп соғыс аты,
Сақтаулы қол қойылған "Әлем хаты".
Бала - жас, ана - жесір, әке – құрбан,
Болсын деп жаралмаған адам заты.
Н.Баймұхамедов

Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты.1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия әскері Кеңес Одағына тұтқиылдан, соғыс жарияламастан басып кірді. Кеңес халқының Ұлы Отан соғысы, яғни Отанын шетел басқыншыларынан азат ету соғысы басталды. Кеңестік әскери күш бейбіт уақыт жоспарына сай орналасқандықтан, соғыс қимылдары басталған территорияға тартылуы барысында, жау соғыстың алғашқы бес айында мемлекеттің 5% халқы тұратын аудандарын жаулап алды.Осыған қарамастан шекарашылар, олардың қатарында  Брест қорғаушылары алғашқы ұрыстың өзінде теңдесі жоқ ерлік көрсетті. Брест шекаралық отряды жауынгерлердің құрамында жаудың алғашқы соққысына А.Мүсірепов, В.Лобанов, К.Абдрахманов, К.Иманқұлов, А.Наганов, Ғ.Жұматов, Ш.Шолтыров, Т.Деревянко, Қ.Батталов және басқа қазақстандық жауынгерлер қарсылық көрсетіп, айрықша ерлікпен көзге түсті.  Бір күшке жиналған орыс пен тәжік, грузин мен белорус, қазақ пен украин қарсы алдындағы жауға алмас қамал болып жұмылды... 1944 жылы Германияның жеңілетіні белгілі болғаннан кейін, ендігі жерде соғыс қимылдарын Кеңес Одағы бақылауға алды. Осы жылы Кеңес үкіметі «Берлин» операциясын бастайды. Бұл операцияның мақсаты – неміс фашистерін Кеңестер Одағы територриясынан қуып, Еуропа мемлекеттерін жаудан азат ету болды.
Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Яғни, сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батыр ерліктер көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған жүз қазақтың (ең соңғысын арада 50 жыл өткен соң Бауыржан Момышұлы алды) Кеңестер Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді. Бұны сол кездегі 2,5-3 млн. қазаққа шаққанда басқа халықтардың алдына шығып кетеді екен. Осы орайда осындай үлкен атаққа ие болған Шығыстың аяулы да ару қыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова жайлы айтып кеткеніміз жөн болар. Олар қазақтың қарапайым, жусан иісі аңқыған жайлауда дүниеге келген, бұрымдары желпілдеп, жерге құлап, тізе жыртып, бойын буған, бейкүнә қазақ қыздары еді. Олар сұрапыл соғыс кезінде  майдан алаңында өшпестей ерлік көрсетіп Кеңес Одағының Батыры атағын алған болатын. Майданда көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін тағы бір қазақ қызы Х. Доспанова Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында олардың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті. Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына аналық мейірімімен тартушы, эвакуацияланған завод пен фабрикаларға, майданға керекті оқ-дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды. Шығанақ Берсиев сияқты еңбек ерлерімен қатар иықтарына үлкен ауыртпалық түскен еңбек даласында миллиондап жұмыс істеген әйелдерсіз, жасөспірімдер мен қарттарсыз Жеңіс күнін көзге елестету мүмкін бе еді?! Жауға атылған әрбір он оқтың тоғызы Қазақстан қорғасынынан құйылды. Балқаш, Қарсақпай кен орындары соғыс жылдары өндірілген қара мыстың жартысынан астамын берді. Қарағанды шахтёрлері төрт жыл ішінде 34 млн. тонна көмір өндірді. Шығыс қоңырат молибден, Жезді марганец, Дон хромит кеніштері, Ақшатау молибден-вольфрам комбинаты салынды. 1941-1945 жылдары барлығы 460 зауыт, фабрика, кеніш, шахта т.б. кәсіпорындар салынды. Бұл жылдары тылдағы еңбекшілердің жасампаз ерлігі орасан зор. Республика диқандары мемлекетке 360 млн. пұт астық тапсырды. 4 жыл ішінде Қазақстан еңбекшілері майдан мұқтажына 94 млрд. 500 млн. сом жарма өткізді. Қазақстаннан майданға 1 млн. 200 мың жауынгер аттанды. Брест қорғанын Қ. Әбдірахманов, В. Лобанов, К. Иманқұлов, Жұматов т.б. қорғады. Мәскеу үшін шайқаста қазақстандықтар даңққа бөленді. Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясы 8-панфиловшы гвардияшылар болып қайта құрылды. Мұнда аға лейтенант Б.Момышұлы басқарған батальон ерекше көзге түсті. Сондай-ақ осында Кеңес Одағының батырлары Т. Тоқтаров, М. Ғабдуллин т.б. соғысты. Ленинград үшін шайқаста С. Баймағанбетов кеудесімен дзотты жауып, соғыс тарихында теңдесі жоқ ерлік жасады. Сталинград үшін шайқаста Н. Әбдіров, Қ. Спатаев т.б. қазақ жауынгерлері батыр атағын алды. Қазақстандықтар Курск түбіндегі, Беларусьтегі, Украинадаға шайқастарда ерлік көрсетті. Ұлы Отан соғысының ең соңғы нүктесін қойған Р. Қошқарбаев еді. Ұлы Отан соғысы майдандарында қаза болған қазақстандықтар санына келетін болсақ, бұған байланысты түрлі пікірлер бар.
Кейінгі жылдардағы мәліметтерде соғыстан оралмаған  қазақстандықтардың саны 601 000-ға дейін жетіп отыр, оның 350 мыңнан астамы қазақтар. Бұл қолға қару алып, ұрыс даласында қаза тапқардардың саны. Егер осы тұстағы халықтың жалпы саны мен соғыста қаза тапқан өкілдердің санына шағатын болсақ, қазақтардың шығыны көршілес өзбек, татар, азербайжан, грузиндерден анағұрлым жоғары. Бұл пайыздық шығын жағынан қазақ халқы өз жерінде соғыс қимылдары болған орыстармен, украиндермен, белорустермен деңгейлеседі.
Кеңестер Одағының құрамдас бөлігі ретінде жаумен шайқаста  қазақстандықтар үлкен ерлік көрсетіп, жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосты.
Ақырында қайғы мен қасіреті мол, жүректі дүр сілкінткен, қуанғанды жылатқан, жылағанды жұбатпаған, ешбірінде аямаған сұм соғыс зор жеңіспен аяқталды. Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 70 жыл толмақ.  Бұл  сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, станоктың қасынан, егін даласында, күні-түні  мал бағып, тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, ауыл адамдары тойлайды. Бұл мейрамды біздің аяулы да даңқты әйелдеріміз - өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен, олардың орнын жоқтатпаған аналар мен жұбайлар, қалыңдықтар мен қыздар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелері мен ағалары қанын төгіп, жанын қиып бақытты өмірін қамтамасыз еткен Ұлы жеңістің  құрдастары тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді. Бұл мейрамды бұрынғы кеңес одағына кірген 15 одақтас республика халқымен бірге, кеңес халқы неміс басқыншыларынан азат еткен   Еуропа елдерінің Варшава мен Прага, Будапешт пен Бухарестің, София мен Белградтың, Париж бен Венаның, жер шарының басқа да көптеген қалаларының тұрғындары тойлайды. Мың жылда бір-ақ рет көрінетін кометалардай сыры да, сезімі де терең, тұңғиық дана тұлғаларымыз фәни өмірден баз кешіп, бақилық болып жатыр. Әйтсе де, Баубек пен Бауыржан батырлығы, Әлия мен Мәншүк ерлігі, Қаныш пен Әлкей білімі, Мұхтар мен Ғабит, Ғабидендердің үні, Дінмұхаммедтің парасаты – бүгінгі ұрпаққа өнеге.  Елбасымыз «Біз жеңімпаздар ұрпағымен мақтанамыз. Бүгінгі Отан қорғаушылары, біздер үшін олардың соғыс жылдарында көрсеткен жан қиярлық ерлігі – Отанға қызмет ету ісінде мәңгілік өнеге» деп айтып кеткеніндей, сіздердің ерліктеріңіз жүрегімізге алтын әріптермен жазылып, біз үшін үлгі-өнеге болып қала береді. Біз, сіздердің, яғни, жігер оты бойда лаулаған ардагердің ұрпағы болғандықтан, еліміздің көркейіп, өрлеуіне барымызды саламыз.