Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Ахметолдинова Н.
химия- биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, 7- сынып, Өскемен қаласы
Отан үшін от кешкендер
Мен көшеде, көпшілік адамдар арасында кемтар не мүгедек адам көрсем болды 6-сыныпта әдебиет сабағында жаттаған жауынгер-ақын Әбу Сәрсенбаевтың «Сен құрметте оны!» деген өлеңін есіме түсіріп, іштей қайталаймын. Бұл өлеңде:
Сен құрметте оны!
Түсіндің бе қарағым?!
Сенің келешегің үшін берді ол
Азаттық жолда аяғын!- деген жолдары ерекше еді.
Бүгінгі бейбіт күннің, біздің жарқын болашағымыздың бақыты жолында от пен қан кешкен боздақтар аз болмаған екен...
Тарих беттерінде жазылып, үлкендердің аузында айтылып жүрген «соғыс» атты зұлматты теледидардан көріп, кітаптардан оқимыз. Алдағы 9 –мамырда Жеңістің 70 жылдығын тойлаймыз, яғни 70 жыл уақыт аралығы соғыс ізін өшіріп, көмескілендіре алған жоқ.
Менің атам Ахметолда да 70 жасқа 2019 жылы ғана толар еді. Кеудемді мақтаныш сезімі кернеп, маңғаздана жан-жағыма қарайтын сәтім, ол-ұлы атам Қапсан Байбатчиновтың аты аталатын кез. Қапсан атам соғысқа қатысып, Калинин майданында жаумен шайқасқа түскен, ауыр жараланып елге оралған. Қапсан атам тұрған ескі, ағаш үйдің бұрышындағы бөренеде қызыл жұлдызшаның белгісі қазір де бар. Ия, мен де майдангердің ұрпағымын. Менің үлкен атам да - Отан үшін от кешкендердің бірі.
Қанқұйлы соғыстың жауыздығы мен зұлматын сол соғыста жүріп көріп,от кешкен ақын Қасым Аманжолов:
Өмір гүлін жаншып, таптап,
Шаштан сүйреп махаббатты,
Жерімізді жындай қаптап,
Найзаға іліп ар-ұятты,
Келе жатты сұм жендеттер...-деген жолдармен айқын суреттеп береді.
«Абдолла» атты тағы бір өлеңінде Қасым ақын :
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да, атыл жүрек!- дейді.
Осындай рухты өлең жолдары, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының соғыс туралы әңгіме, естеліктері, партизан- жазушы жерлесіміз Қасым Қайсеновтың шығармалары, Әзілхан Нұршайықовтың туындылары- ерліктің үлгісі болып жадымызды мәңгі сақталмақ.
«Шығыстың қос шынары» Әлия мен Мәншүк туралы фильмдер бойымызға патриоттық рух ұялатары даусыз. Олар да - от пен оқтың ортасында жүріп, ерлікпен қаза тапқандар, мезгілсіз солған жауқазын гүлдер. Олардың ішінде екі мәрте Батыр атанған ұшқыш қазақ Талғат Бигелдинов те бар.
1941 жылдың 22 маусымы күні таңғы сағат 4 кезінде Кеңестер Одағының шекарасын бұзып өтіп, басталған қанқұйлы соғыс 1945 жылдың мамыр айына дейін созылғаны тарих беттерінен аян. Бұл соғысқа қазақ елі 1 млн 200 мыңдай жауынгерін аттандырыпты. Бұл - Фашистік Германияға қарсы тізе қоса соғысқан әр түрлі ұлттар арасында 6-орынды көрсететін сан. Бұл- Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақұлы Жәнібек, Тайманұлы Исатай, Өтемісұлы Махамбет, Датұлы Сырым сынды батырлардың, елінің азаттығын аңсаған ерлердің ұрпағы екенімізді айқындаған, ерлік пен төзімді шыңдаған, ар мен намысты таразылаған уақыт сыны еді. Олар ерліктің тамаша үлгісін көрсетті. Мағжан Жұмабаевтың «Мен кім?» өлеңінде айтылғандай:
Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?
Иә, басқаға үстемдік етпек болған жау екпініне тосқауыл қойған да осы бабаларымыз.
Бұл соғыста әділеттік жеңіске жетті. Бірліктің, татулықтың, ұлттар достығының арқасында жеңіс туын желбіреттік. Берлин қаласындағы Рейхстагқа туды бірінші болып тіккен де қазақ жауынгері Рақымжан Қошқарбаев болатын.
Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейін созылып жатқан ұлаңғайыр мекенді найзаның ұшымен, білектің күші арқылы қорғаған қазақ халқы осал еместігін қашан да дәлелдей алған!
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы соғыста дұшпанның қара құрымдай қаптаған күшіне қарсы қуат та, медет те, себеп те болған ер халықтың екі даналық сөзі мен мақалы екенін жазады. Оның бірі: «Білекті бірді жеңеді, ақыл-айлалы мыңды жеңеді» деген тұжырым болса, екіншісі «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деп адамның ар намысы мен жігерін қайрайтын ұлағатты сөздер еді.
Ұлт батырының «Ерлік аспаннан түспейді, Ол Отанды сүюден басталады. Ал Отанды сүю үй - ішіңнен, отбасыңнан басталады. Халқын қадірлеген сын сағаттан сүрінбей өтеді. Елін сүйген ер атанады. Өйткені ерлік білекте емес, елін сүйе білген адал жүректе» деген айбынды қанатты сөзін әр жас жаттап, санасына тоқып өссе нағыз отансүйгіш ұлы тұлға болары анық.
Сөз соңында, «Патриот болу дегеніміз Қазақстанымызды мақтан етіп қана қоймай, сонымен бірге, бірінші кезекте – Қазақстанның мүддесін қорғауда өзіңді аямау, оның игілігі үшін еңбек ету» деген Елбасының сенімін бейбіт замандағы бүгінгі ұрпақ терең білім, алғыр ой, жасампаз іспен ақтаймыз деп ойлаймын.