Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Балтабекова А.
К.Кадыржанов атындағы Қызылқия жалпы білім беретін орта мектебі КММ,
10 класс, Аягөз ауданы, Тарлаулы ауылы
Ешкім де ұмытылмайды, ешнәрсе де ұмытылмақ емес!
Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың болып өткеніне 70 жыл толды. Бірақ Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны сияқты, соғыс та ұмытылмастай ізін қалдырды. Жеңіс күні-бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке-бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгер-солдаттар мен офицерлердің айбыны, тылдағы Жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қалмақ. Жер бетін тып-типыл етуге ұмтылған, аранын ашып, әлемге алақұйын жолын шашып, жан біткенді жанауға жанталасқан заһарлы-зұлмат екінші дүниежүзілік соғыс туралы шығарма жазуды бастағанымда, бұл тақырыпты он бетке болсын, жүз бетке болсын сыйғызудың мүмкін еместігіне көзім жетті. Себебі, соғыс-уақытқа тәуелсіз, ешқашан өзгермейтін, ешқандай сынға берілмейтін азап. Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес! Соғыс күйретуші күш! Барды жоқ ететін, тауды жер ететін, жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жаншып жұтатын тажал. Сол қанды кезеңді еске түсіріп, елестететін газет-журнал материалдары немесе радиотелехабарлар, кинолар, аталар ерлігін мақтаныш тұта бізге жеткізеді.
Ұлы Отан соғысы... Бұл сол кездегі халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн. Бұл күнде соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Қазіргі таңда қарияларымыздың азайып бара жатқанын әсіресе олардың ортасында Ұлы Отан соғысынан аман оралған ақсақалдарымыздың қарасы жыл сайын азайып барады емес пе?! Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, туын жығып жеңістің таңбасын басқан күн-Жеңіс күні. Бұл күннің толғағы ащы болса да, туғаны бар халқы үшін қуаныш болған күн.
Сондықтан да бұл Ұлы мереке. Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың өздері қорғап, қорған, қамқор болып оралған арттағы қалың елдің қамығып жеткен Жеңіс күнін біз ұмытпасақ та тарих ұмытпайды. Ол өмір заңы.
Біз Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске ештеңе теңеспейтін ғажап күшпен жеттік. Ол күш-әрине, бірлік. Қаншама халық бір тудың астына бірігіп, күштерін бір арнаға салды. Ұлы Жеңіске он бес одақтас болған мемлекеттердің ортақ мерейтойы. Қазақ ел басына күн туғанда толарсақтан саз кешетін жауынгер халық. Ұлы Отан соғысының қатпарлары парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғынға қаймықпай соғысқанына ашық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған бес жүз қазақтың Кеңес Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді.
Қазір өз алдымызға мемлекет, тәуелсіз ел болсақ та, ол кездегі Кеңес Одағы барлық халықтардың ортақ мемлекет болып есептегендіктен, батыстан жау шапқанда Отанымыздың абыройын, бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауда жаппай ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Даламыз қандай кең болса, пейілі де сондай кең, жер қойнауы қандай бай болса, жүрегі де сондай бай халқымыз қан майданда елдік мінездері мен ерлік қасиеттері сынға түсті. Осы жолда қанша ардагер әкелеріміз, аталарымыз бен апаларымыз қанын төкті, жанын пида етті десеңші! Осылайша, біздің халқымыз соғыс барысында бар ұлылығымен көрінді. Осындай сұрапыл жылдарда да халқымыз қонақжай, адал ниетті, ақкөңіл, меймандос, ізгілік сипатын, адами қасиеттерін жоғалтып қоймады. Біздің ауылымыздағы аталарымыз, әкелеріміздің батырлықтары мен жанқиярлықтарымен күрескен адамдардың бірі Ыбырайұлы Назан. 1921 жылы туған, ұлты қазақ, білімі орта, шаруа жанұясында, «Жаңа Нұр» колхозында дүниеге келген.
Ол 15 қаңтар мен 1942 жылы Москва түбінде жетпісінші атқыштар ковалериялық полкте қатардағы жауынгер болып бастады. Майдан жолы Могилев қаласында азат ету, Смоленск, Ржевск қаласы қорғаныс шайқасына қатысқан, кейінгі кездерде Литва, Польша жерлерін азат ету соғыс-ұрыстарында болған. Ол 1943 жылы 7-ші шілдеде ауыр жараланып, аман-есен сауығып, соғыс біткенше 1945-1946 жылы автакөлік жүргізуші қызметін атқарды. 1945 жылы шілдеде Европа елдерінен техника айдап келу жұмыстарына қатысқан.
1946 жылы қыркүйек айында аман-есен елге оралып, еңбек жолын аудандық салық бөлімінде есепші қызметінде жұмыс атқарды. Зайыбы-Ибраева Зада «Батыр ана», үлгілі жанұя қатарына жатады. 1941-1945 жылдары тылда жұмыс атқарған еңбек ардагері. Ибраев Назан соғыс кезіндегі ерлігі, тұрақтылығы үшін «Отан соғысы» орденімен марапатталады. 1986 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды және озық ерен еңбегі «Лениннің жүз жылдығына», «Тың көтеру» он жылдығына медалімен марапатталды.
Назан ата-өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі жауынгерлері үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, бұл бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен ұлттың қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі. Ауылымызда Н.Ибраев атында көше бар. Жеңіс күні-абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік қатал соғыста жеңіске жеткізді. Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 500 ден аса жерлестеріміз, оның ішінде тоқсан алтысы Қазақ Кеңес Одағының батыры атағын алды. Ешқашанда жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз-болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттық, достық пен бірлік туралы түсінік беру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу. Жеңіс-біздің ата-бабаларымыздың батырлығы. Аталарымыздың қанымен, жанымен келген жеңісті мәңгі сақтауымыз керек.