Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Әнуарбекова А.
Шәкәрім атындағы ОДБ ҮТО ММ, 11 сынып, Семей қаласы
Отанын жан-тәнімен сүю – адамшылықтың асқар шыңы
Адамзат баласы тарихындағы сұрапыл − Ұлы Отан соғысының жаңғырығы жылдар өткен сайын «көзден кетсе, көңілден өшеді» демекші, тарих қойнауына жұтылып, алыстап барады.Бүгінгі күн жастары бұл сұрапыл жайлы үлкендер, көнекөз қариялар бас қосқан жерлердесирек болса да естіп, мектеп бағдарламасында ел тарихы жайлы оқығанда танысып, көркем фильмдерден, деректі фильмдерден көреміз. Жауға ойсырата соққы беріп, қансырата жеңген отандастар, ата-апаларымыздың өжеттігі мен батылдықтан туған ерліктерін көргенде немесе оқығанда кеудемізді мақтаныш сезімі билейді. Дегенмен...
Соғыс қасіреті әр жанұяның тарихында ізін қалдырып кетті. Ұлы Отан соғысы тарихы туралы қанша көркем туынды жазылып, қанша деректі құжаттар жарияланса да, қанша кино түсіріліп, сахнада батырлар бейнелері сомдалып жатса да оның тарихына еш уақытта нүкте қою мүмкін емес. Ал өткенге көз жүгіртпей, болашаққа бағдар жасау мүмкін емес екені белгілі. ХХ ғасырдың орта кезінде болған Кеңес Одағының тарихындағы Ұлы Отан соғысы дүниені дүр сілкіндірген алапат − Екінші дүниежүзілік соғыстың бір бөлшегі болды. Ел қабырғасы қайысқан кезеңде әрбір бесінші қазақстандық азамат Отан − анасын қорғауға майданға аттанды. Олардың қаншасы ұрыс даласында мерт болды: жас аналар жесір, жауқазын балалар жетім қалды; сенері де сүйенері де жалғыз баласы болған қариялар қан жұтып, шаңырақтары ортасына түсті, үйлердің түтіні өшті; буыны қатпаған балалар балалықпен мезгілсіз қоштасып, ерте есейді.
Жер бетін тып-типыл етуге ұмтылған, аранын ашып, әлемге алақұйын жалын шашып, жан біткенді жалмауға жанталасқан заһарлы зұлмат – Екінші дүниежүзілік соғыс зардабы ешбір жанды толғандырмай қоймайтыны анық. Мен, ешқандай ауыртпалық көрмей өсіп келе жатқан жас өрен, осы тақырыпқа қалам терберде ерекше толғанысқа түстім. Мұндай ауқымды тақырыпты қозғау оңайға түспейтінін де түсіндім.
Бейбіт өмір тілеген Отанымызға Жеңіс өте қымбатқа түсті. Оның өтеуі миллиондаған адамдардың төгілген қаны болды. Бұл қанқұйлы соғыстың зардабы еліміздегі ешбір адамды, ешбір отбасын айналып өткен жоқ. Соғыстың әр секунды – бұл бірнеше ұрпақтың тағдыры, еліміздің тарихы.
Ел шетіне жау тигенде жұдырықтай жұмылып, елі мен жерін қорғау жолындажанын құрбан еткен боздақтар мен қан майданда қарулас серіктерінен айырылып, достар аманатын арқалап оралғандар ерліктерін ұрпақ ешқашан ұмытпақ емес. Неміс басқыншыларына қарсы соғысқа майдангер ер-азаматтар ғана емес, тылдағы бүкілел қатысты. Осы күреске қатысушылардың әрқайсысы уақыт талабына сай әрекет етті: ортақ бір мақсат, ортақ бір мүддеге бағынды. Адамдықтың шынайы қасиеті осы кезеңде көрінді: бір адамның ерлігі барлық халықтың ерлігі болды. Халықтық ерлік – кез келген жауды жеңуге қабілетті үлкен күшке айналатын біртұтас адалдық, патриоттық, махаббат сезімдері.
Қазір өшкеніміз жанып, ұмытылғанымыз оралып, өлгеніміз тірілген шақта ел болашағын − жастарды азаматтық пен ұлтжандылыққа тәрбиелеу мәселесі бірінші кезекте тұр. Бейбіт өмір, жарқын болашақ сыйлаған қаһармандарымыздың тұлғалары осы бағытта тағылымдық та, танымдық та маңызды рөл атқаратындығы біздің жадымызда.
Сұрапыл соғыстың аяқталғанына бірнеше айдан соң 70 жыл толады. Күндей күркіреп өткен қантөгісті өз көзімен көріп, қан майданда от кешкен ардагерлеріміз жыл өткен сайын азайып барады. Олар тарихтың аударылған бір-бір парағына айналуда. Осы адамдарға алғысымыздың шексіздігі өз алдына, ал құрмет көрсету – адамдық парызымыз, өйткені олар әлемдегі бар жақсылыққа лайықты.
Соғысқа қатысқан қазақ жауынгерлерінің ішінен ерен ерліктерімен көзге түскен 500-ге жуығы Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов, Нұркен Әбдіров, Мәлік Ғабдуллин, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Рақымжан Қошқарбаев сияқты аты аңызға айналған ағаларымыз бен апаларымыздың есімдерін бүгінгі ұрпақ мақтанышпен атайды. Осы қатардан есімі ел есінде мәңгі қалатын авиация генерал-майоры, екі мәрте Кеңес Одағы Батыры атағын алған, өкінішке орай Ұлы Жеңістің 70 жылдығына санаулы айлар қалғанда дүниеден озған Талғат Бигелдинов атамызды ерекше атап өткім келеді.
Сәби кезінде «ұшқыш болсам» деп армандамайтын бала сирек болар, Талғат атамызда осындай ізгі арманын аялап өскен қарапайым ауыл баласы еді. Ақмола облысының Ақмола ауданындағы Майлыбалақ ауылында 1922 жылыдүниеге келген ол Ұлы Отан соғысы кезінде ИЛ - 2 ұшағымен неміс басқыншыларынжәне олардың әскери техникасын жою мақсатында 305 рет көк әлеміне көтеріліп, жаудың жеңіліске ұшырар күнін жақындатты. Жау оғынан ұшағы үш рет аспанда отқа оранып, жарақат та алды. Батыр ата соғысқабастан-аяқ қатысып, гитлершілдердің бас штабы – Рейхстаг орналасқан Берлин қаласын бомбалауға қатысты. Отанын сүйген азаматтың көзсіз ерлігі қанша рет танылып, өз ісіне шеберлігі үлгі-өнегеге айналды. Кәдімгі барлаушы-штурмовик ұшақпен фашистік истребительді нысанаға алып, атып түсіріп, бір сәтте отқа орантуының өзі басты қатерге тіккізген асқан ерлік емес пе?! Осындай жаужүректігімен ұшқыштарарасында зор беделгеие болғанбатыр аға небарыжиырма үш жасында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған алғашқы және соңғы қазақстандық болды. Ол өз ісімен Отанды сүюдің, ерлік пен әскери шеберліктің таңғажайып үлгісін көрсете білді, сол арқылы өзін де, халқымызды да өшпес даңққа бөледі. Қаһарман отандасымыздың ешқашан есімі өшпек, еңбегі ұмытылмақ емес.
Адам бойын мұздатар «соғыс» деген суық сөзді естігенде, көз алдыма Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың уылжыған, өрімдей жас бейнелері келеді. «Шығыстың қос шынары» атанған қос ару ерліктің үлгісі болды: бүкіл әлемге қазақ қыздарының қайсар мінезі мен батыл жүрегі барындәлелдеп берді. Бірақ олар ерте солды. Қамшының сабындай қысқа ғұмырларындағыадам сүйсінерлікерліктерімен ел шежіресінде мәңгі өшпейтін есімдерін қалдырды. Олардың есімдері күннен-күнге биіктей, жылдан-жылға асқақтай түсуде. Ерлерін құрметтеген, жерін қасиет тұтқан ел барда Әлия мен Мәншүктің есімдері, жарқын бейнелері жылдарға, ғасырларға халқымен бірге қадам баса бермек.
Ерлікпен шайқасып, уақытында елінен лайықты бағасын алғандармен қатар кезінде аты аталмай, қазір халқына оралып, көп жылдардан соң табысып жатқан тұлғалар да аз емес. Белгілі-белгісіз себептермен әлі де ашылмай жатқан ақиқаттар, еленбей қалған ерліктер, елеусіз жатқан ерлер – Ұлы Отан соғысының кейіпкерлері қаншама?.. Осы белгісіз болып қалған тағдырларды тауып, елге танытып, есімдерін лайықты орнынан таныту, оларға қамқорлық жасау − бүгінгі ұрпаққа жүктелген үлкен міндет.
Он бес одақтас республика құрамында 1941жылдың маусым айынан басталған сұрапыл соғыстың өтінде болған қазақ жауынгерлері Отан қорғауда өздерінің батылдығымен, қайсарлығымен Ұлы Жеңіске жетуге елеулі үлес қосты. Бабаларымыздан ерлік пен елдікті мұра еткен батыр ардагерлеріміздің үлесі болмаса, тарих парақтары мүмкін басқаша жазылар ма еді, кім білсін? Сондықтан Отаны үшін жан қиған абзал азаматтарды есте ұстап, олардың рухтарына бас иіп, тағзым ету ұрпақтардың мәңгілік парызы болып қала бермек. Ақын М.Әміреұлының:
Қан майданның жүректе жарасы бар,
Қайғысы мен зілі бар, наласы бар.
Арамызда жүретін алшаң басып,
Ардагерлер, азайып барасыңдар.
Қастерлейді халқымыз қаһарманын,
Жүр есінде сан жорық, сапарларың.
Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер,
Қалды-ау сиреп бұл күнде қатарларың... – деген жыр жолдары көкейге оралғанда, көңіл құлазып, жүрек шаншиды...
Жеңіс күні – аға ұрпақтың Ұлы ерлігін мәңгілікке есте сақтауға арналған ең қастерлі де мәртебелі мерекелі күн. Өйткені бұл мереке – аға буын өкілдерінің жанқияр ерлігі, ұлтжандылық қасиеттері мен еселі еңбектерінің жемісі.
Жеңіс күні. Бұл – қуанышқа толы қастерлi күн. Жеңіс. Бұл – салтанатты, мерейі үстем сөз. Астарына үңілгенге салмағы ауыр, жауапкершілігі аса жоғары сөз.
Бізге бейбіт өмір сыйлаған бұл Жеңіс мәңгілік болғай.