Ер есімі ел есінде...

Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары

Аманов С.
Қалалық қазақ мектеп-лицейі КММ,7-сынып, Аягөз қаласы

Отан деп соққан, отанды сүйген жүрекпен...

«Біз соғысты көрген жоқпыз,
Естідік,
Соғыстан соң туғандармыз,
Етек жауып, ес біліп.
Соғыс үні жетім болып, жесір боп,
Тұратындай әлі бізге естіліп…»                          
Ж.Әуелбайұлы

Ұлы Отан соғысы 1941 жылы 22 маусымда басталған екен. Күні бүгінге дейін ата-анам, басқа үлкен кісілер 22 маусым күні «бүгін соғыс басталған күн» деп күрсіне айтып отырғандарын талай естігем. Соғыстың бар зардабы мен әкелген қайғы-мұңын толық сезіне алмасам да, қариялардың соғыс жайлы әңгімелерінен, теледидардан берілетін Ұлы Отан соғысы жайлы көркем және деректі фильмдерден үлкен қасірет болғандығын аңғарамын. Қазіргі әлемде болып жатқан түрлі қантөгістер сол соғысты елестеткендей болады. Ұлы Отан соғысы кезінде де қанша жер отқа оранды, қанша халық қырылды, қанша бейкүнә бала, ақжаулықты ана, қайраты мұқалмас әке ерте көз жұмды, әділетсіз соғыстың құрбаны болды. «Өзгені билесем, өзіме бағындырсам» деген тойымсыз, ашкөз адамдардың арам пиғылынан адамзаттың басым бөлігі азап шекті, оның салдары күні бүгінге дейін жетіп отыр.  
Соғыс жылдарында тек майдандағы әскери адамдар ғана емес, ауылда, яғни тылда қалғандардың да еңбегі зор болған екен. Олар «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен күн кешіп, аштыққа да, суыққа да шыдап, өздерін ұмытып, майдандағы солдаттарға жіберіп отырған. Бұл біздің қазақ халқының жұмылған жұдырықтай бірлігінің, бауырмалдығының, отансүйгіштігінің айғағы.
Ұлы Отан соғысында біздің Отандастарымыз – аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы атамыз, батыр қыздар Мәншүк пен Әлия, Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рахымжан Қошқарбаев, ұшқыш қыз Хиуаз Доспанова және тағы басқалардың ерліктері тарих беттеріне өшпестей болып жазылып қалды. Біз мұндай ата-әжелерімізбен мақтанамыз!!! Солардай болуға ұмтыламыз, олардың соғыста көрсеткен ерлігін біз бейбіт өмірде, өрелі білімімізбен, сол білім арқылы жеткен үлкен жетістіктерімізбен қайталайтын боламыз. Ата-әжелеріміз басын қатерге тігіп, қасық қандары қалғанша аянбай қорғаған Отанды – Қазақстанды, біз, бүгінгі өскелең ұрпақ, бүкіл әлемге танытамыз, мойындатамыз!
Отансүйгіштік қасиет – бүгінгі әр баланың бойында болуы тиіс деп білемін. Себебі, «Отан отбасынан басталады». Отанын жанкештілікпен шынайы сүйе білмеген азамат оған қорған бола алмайды. Отан, ол менің – Анам, Әкем, туған үйім, бауырларым, достарым, мектебім. Отанды сүюім – өзімнің тәрбие алып, бақыт кешіп отырған ортамды сүюім. Сондықтан мен отаншыл, отансүйгіш азаматпын!
Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойына ұласқан тәуелсіз өмір үшін күрес – әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталады. Себебі, Ел тәуелсіздігінен, бейбіт тіршіліктен артық және қымбат ештеңе жоқ. Сол себепті біз үшін Отан қорғау жолында құрбан болған барлық адамдар құрметті! Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстандағы бақытты ұрпақ – соғыс жылдары намысын жігері жаныған, бодандық өмірден ерлік өлімді жоғары қойған қайсар жандарға қарыздар. 
Біздің аталарымыз бен әжелеріміз Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысып, Брест қамалынан бастап Берлин қаласына дейін барған екен. Сталинград, Мәскеу, Курс, Орел қалалары үшін болған шайқастарда ерлік көрсетіп, Украина, Кавказ, Белорусь, Қырым, Балтық жағалауы елдері, Чехословакия,  Румыния, Польша, Болгария, Венгрия және т.б. елдерді азат етуге қатысты. Яғни, тек өз елімізді ғана қорғап қоймай, күшпен жаншылып, тоналған, өртелген өзге ұлт өкілдеріне де бостандық алып берді.
Ерлік, көзсіз батырлық қазақ баласының қанына сіңген қасиет. Қазақ халқы ержүрек азаматтарын «жүрегінің түгі бар» дейді. Ол ерте заманнан, елдіктің туын көтеріп ру, тайпа, халық болып қалыптасқан заманнан бері келе жатыр. Ата-бабасы қарсы шапқан дұшпанын жеңбей тынбаған қазақ ұлдары Ұлы Отан соғысы жылдарында сол ерлік рухты және бір байқатты. Аласапыран алпарыс, жаудың өңмеңдеген менмендігі, мықты әскери жасағы, дамыған техникасы мен қаруы қазақ баласын жасыта алмады. Керісінше, намысын қайрап, әділетсіздік пен зұлымдықтың, озбырлық пен тойымсыздықтың соңы неге апарып соқтырарын дәлелдеп берді.
Ата-әжелеріміздің соғыс жылдары көрсеткен ерлігі еленбей қалған жоқ. 500 аса қазақстандық, оның ішінде 96 қазақ Кеңес Одағының батыры атағын алды. Ең бастысы, бұл адамдар ел құрметтер, тағзым етер, есімдері тарих беттеріне ойылып жазылған абзал жандарға айналды. «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі» деп халық бекер айтпаса керек. Соғыс жылдары ел қорғау жолында қаза тапқан әрбір азамат өзінің Отан алдындағы борышын адал атқарды, өзінің перзенттік парызын қапысыз өтеді десек, артық айтқандық емес.
Майдан алаңында осындай ерлік көрсетіліп жатқан кезде, тылда қазақ әйелдері, қарттар мен балалар соғыс зардабын шегіп, үй-мекендері өртеніп, жау қоршауынан қашып, қазақ елін пана тұтып келген босқын халықтарға қамқор бола білді. Бір үзім нанды бөліп жеп, бір атаның балаларындай татулықпен ғұмыр кешті. Ел басына төнген қайғы-қасірет, майданнан келген қара қағаз ешкімді де жасыта алмады. Бауырмашыл да батыл қазақ халқы өзінің табиғи қасиетінен жаңылмады, көпке үлгі болып, табандылық танытты. Еңбек даласында күн-түн демей, еңкейген кәріден, жұмысқа жарамды балаға дейін талмай еңбек етті. Балалардың ұйқысыз, күлкісіз, аш-жалаңаш өткен балалық шағы, аналар мен қыздардың ер азаматтай қайрат қылып еткен еңбегі, қариялардың сұрапыл жылдардағы төзімі мен даналығы – Ұлы Жеңістің өтеуі болды.  
Осы шығарманы жазу барысында интернеттен майданға немесе майданнан жазылған хаттарды тауып оқыдым. Сондағы солдаттардың көрген қиындығы мені қатты ойландырды. Туған елге, үйіне хат жазып отырған солдаттардың бірі «Көп жазбады деп ренжімеңдер, барлығымызға ортақ бір қалам бар, өзімді ғана ойламай, мені оны келесі жауынгерге беруім керек» деп жазса, енді бірі «Ардақты анашым! Немістерден Будапешт қаласын азат еттік. Қала тұрғындары көшеге шықты. Бізге гүл сыйлады. Көз алдымда венгрлердің қуанышқа толы бейнелері, ыстық құшақтары қалып қойды. Азат етілген қаладағы балалар бейнесі ешқашан есімнен кетпейді. Олар алдымыздан жүгіре шығып, қолдарын жайып нан сұрады. «Солдат» пен «нан» сөзі әртүрлі тілде айтылып жатты. Біз үнсіз ғана керекті заттарымызды алып жүретін сөмкеміздің ішінен нан, қант, консервілер шығарып, балаларға үлестіріп бердік. Адамдарға қуаныш сыйлаған қандай үлкен бақыт!» деп жазады. Немесе «Сендерден хат алған кезде құлазыған көңілім көтеріліп, жүрегім елжіреп кетеді. Сендерден хат алған сайын өмір сүруге деген құштарлығым артады. Біздің бақытымызды ойран еткен соғысқа лағнет айтып, бар дауысыммен айғайлап алғым келеді!..»
Мұның бәрі де от пен судың ортасында жүрген жауынгер қазақтың жан айқайы, сырлы сағыныш болса керек. Өліммен бетпе-бет келе отырып Отанына деген сүйіспеншілікті жоғалтпаған жүректердің жарқын үлгісі. Осындай ата-әжеден тараған бүгінгі ұрпақ әлсіз, жігерсіз, Отанына деген махаббатсыз болуы мүмкін емес!
Майданға аттанған 2 миллионға жуық қазақстандықтардың 400 мыңға жуығы елге қайтып оралмаған екен. Қай жерде, қандай жағдайда қазақ тапқаны белгісіз солдаттар да бар. Бірақ бұл олардың жоқтаусыз қалғандығы болып табылмайды. Фашизмге қарсы күрескен, Отан қорғауға атсалысқан әрбір отандасымыздың жарқын бейнесі біздердің жадымызда, жүрегімізде мәңгі сақталады. 
Соғыстың Ұлы Жеңіспен аяқталғанына 70 жыл! 70 жыл бойғы шуақты күндеріміз бен бақытты өміріміз үшін Сіздерге мәңгі қарыздармыз, Ұлы Отан соғысының ардагерлері!!! Мың тағзым Сіздерге, Аталар, Әжелер, балалығы мен бақытын соғысқа тоналтқан Батыр ұрпақ!!!