Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Айдын Таңнұр
Ново-Хайрузовка орта мектебі, 9 сынып,
Катонқарағай ауданы, Новохайрузовка ауылы
Аты аңызға айналған ата
Мен бұл шығармамды Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданының тумасы, Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері, І топтың мүгедегі, экономика ғылымының кандидаты, Катонқарағай ауданының Құрметті Азаматы Бошай Кітапбайұлына арнаймын.
1923 жылы Катонқарағай ауданының Жаңа-Үлгі ауылында дүниеге келген. 1941 жылы ел басына зұлмат төнген шақта Шыңғыстай мектебін жаңа ғана аяқтаған өрімдей жас майданға аттанды. Оқ пен оттың ортасындағы қасап майдан он сегіз жасар бозбаланы ерте есейтті, шыңдады, темірдей тәртіпке үйретті. Сол алапат соғыс болашақта саналы ғұмырына азық болар қажыр-қайрат, өжеттік, алмастай өткірлік сыйлады.
1943 жылдың үскірікті желтоқсанында жау снаряды жас жауынгердің оң аяғын тізеден төмен жұлып кетті, сол аяғында снарядтың жарықшағы қалады. Далалық госпитальда орыс дәрігері кеудесінен 4-5 жігітке бастыртып, аяқ-қолын байлап тастап ота жасайды, сол аяғындағы снарядтың жарықшағын алады. Оның майдандас достары өзіне бар-жоғы жиырма жыл ғана серік болған оң аяғын Витебск қаласының түбіндегі орман шетіне керзі етігімен бірге көмеді. Бошай Атаға тағдыры майданды жеңіспен аяқтауға жеткізбеді. Жеңістің жалауын өзі жақпаса да, сол жеңіске жетер жолда күрескен батырлар қатарында мәңгі халық жадында жүр.
Жанына батқан жарақатымен еліне оралғаннан кейін де, елгезек жан еңбектен бас тартпайды. 1944-1945 жылдар арлығында Катонқарағай ауаткомының хатшысы болып қызмет етсе, кейін Зайсан ауаткомының бастығы, Зырян қалалық атқару комитетінің сауда бөлімінің меңгерушісі міндеттерін атқарған. Қай жұмыста болмасын тиянақтылық, бірбеткей өжеттілік деген қасиеттер Атаның серігі болды.
1955 жылы Үлкен Нарын ауданындағы Ленин атындағы колхозды басқару тапсырылады. Осы жылдардан бастап, Атаның осы колхозбен біте қайнаған өмір жолы басталады.
Ерен ер колхозды көтереді, елінің тұрмысын жақсарту жолында аянбай тер төгеді, кохоздың шаруашылығын дүрілдетеді, еңбекшілердің еңсесі көтеріледі, елі Ерін аспандатады. Қаншама қиындықтар кездессе де мойымайды, алдағы күннен үміттеніп, толқынға қарсы жүзеді. Колхоз жұмысын тындыра жүріп, Алматы ауылшаруашылық институтын тәмамдап, агроном мамандығын алып шығады.
1969 жылы Мәскеу қаласына барып, диссертация қорғап, экономика ғылымының кандидаты атағын алады. 1970 жылы халқы үшін еткен ерен еңбегі бағаланып, «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріледі.
Бошай Ата колхоз жұмысын дөңгелете атқара жүріп, ұлттық ат спортына да ерекше мән берген. «Ата көрген оқ жонар» - деген ғой халқымыз, әкесі жылқышы болғандықтан, жастайынан атқа құмар болған. Жылқының нарқы мен парқын, арда қасиеттерін айнытпай танитын сезімталдық қасиеттер сол әкеден қалған үлкен мұрасы болса керек. Жалпақ жұртқа танылған атбегінің «Бұланқара», «Құланқара» атты сәйгүліктері елімізде ұзақ жылдар аламан бәйге жарысында, «Желмаясы» жорға жарысында бәйгенің алдын бермеген. 1970-1971 жылдары жыр алыптары – Абай мен Жамбылдың 125 жылдық тойларында атбегінің «Бұланқара», «Құланқара» сәйгүліктері, «Желмая» атты жорғасы бәйге десе «ішкен асын жерге қоятын», делебесі қозған барша қазақтың көзқуанышына айналған. Бошай атаның сәйгүліктеріне деген сүйіспеншілігін жасыра алмаған қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов «Бошайдың үш қарасы» атты очерк жазып, ол «Лениншіл жас» газетіне басылады. Сондай-ақ ақын Кәкімбек Салықов «Бошайдың үш қарасы» деп жыр арнапты:
«Бұланқара», «Құланқара», «Желмая»,
Үш қараға ұшқын қосты кең дала.
«Желмаясы» шапқын жорға, су жорға,
Қос қарадан озар жонда жел ғана.
Үш бәйге де үш қараның таласы,
Дес бермейтін үш сәйгүлік дарасы.
Құлагердің мұрагері атанды
Алтайдағы Бошайдың үш қарасы...
Дана бапкер үш қараны зор қылған,
Ғашық болды үшеуіне той-думан.
Бошекеңнен сабақ алсын кей мырза,
Бабын таппай шын жүйрікті қор қылған».
Бошай Атаның тағы бір ерен еңбегінің бірі, бірегейі деп айтса да болады, ол - өзі басқарып тұрған колхоздың үш ауылына, және өзі туған Жаңа-Үлгі мен Қабырға ауылдарына Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлестеріне арнап Ескерткіш орнатқызуы. Сол 1983 жылдары қазақтың алдыңғы қатарлы, ақиық ақындарының бірі – Ғафу Қайырбеков ескерткіштің ашылу салтанатына Алматыдан келіп, қатысады. Кейін Алматыға барған соң, оқыған кісінің жандүниесіне ерекше әсер қалдырар «Алтай азаматы» атты бірнеше бөлімнен тұратын ұзақ поэма жазады:
«Жаңа қайың», «Майемер»,
«Жаңа үлгі» мен «Қабырға»,
Дәрімбет аулы- бір бүйір,
Ақ ала шыңның жанында,
Бес ескерткіш – үш жүз ер,
Халқымен бүгін қол алып,
Шақырып тойға туған жер,
Келгендей болды оралып.
Оралған емей немене,
Аналар таңды қарсы алып,
Шүпірлеп өңкей немере.
Аттарын айтып ән салып,
Баяғы жарлар-жесірлер,
Жаулықпен шашын жасырған.
Жарқырап алтын есімдер,
Көздерге оттай басылған.
Келіншек күйге түскендей,
Ерлерін қайта құшақтап,
Ғажайып күйді кешкендей,
Кірпікте жасы моншақтап.
Қәзір де қәзір оларды,
Қолтықтап үйге қайтардай.
Біразы бірақ қиналды,
«Шалым-ау»,-деп те айталмай,
«Жігітім», - деп те айталмай.
Естілмей ақтық сөздері,
Қиылған қыршын армандар,
Жұмылған сәтте көздері
Жастары тоқтап қалғандар.
Кемсеңдеп кемпір, шалдарың,
Құшақтап тасты бас салып,
Сулайды орамалдарын,
Суалған көзден жас тауып.
Оқиды анау сәбилер,
Көзімен тінтіп ақтарып,
Оралғандай бәрі үйге...
Ел үшін еткен өшпес іс –
Ерте ұғар біреу, кеш ұғар,
Оған да бір ескерткіш
Өлеңнен соқса несі бар?!» - деп аяқталады. Сол Бошай Ата соқтырған Eскерткіш бүгінгі таңға дейін киелі мекен, қара орынға айналып, бүгінгі жас ұрпақтың аталарымызға тағзым етер орынына айналған.
Бошай Ата елінің қамын ойлап, ғұмырын еңбекпен байланыстырған еңбек адамының өмірінен шығармашылық та көрініс тауыпты. «Тоғыз таңбалы Найман» атты Наймандардың шығу тарихын тарататын үш томнан тұратын шежіре, «Өр Алтайда өткен ғұмыр», «Айта-айта Алтайды Бошай ата да қартайды» атты кітаптары жарық көрді. Бүкіл ғұмырын халқына арнаған Бошай Ата бүгінде 90-ның тұғырына көтерілді. «Қариясы бар үй – қазына» - демекші, осындай қарттарымыз бар, біздер өте бақытты халықпыз, өзімнің осындай қазақ ұлтының қызы болғандығымды мақтан етемін!