Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Абильмажинова Ж.Қ.
Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия интернаты, 8 сынып, Өскемен қаласы
Жеңіс еңбекпен келді...
Иә, жеңіс бізге оңай келген жоқ... Қаншама адам тер төкті, қаншама адам қан төкті. Оларды ұмыту, оларды дәріптемеу тарихқа қиянат болар еді. Тарихи деректерге сүйенсек Ұлы Отан Соғысы 1941 жылы шілде айында басталып, 1945 жылы 9-мамырда Кеңес әскерінің жеңісімен аяқталды. Сол жеңіске жету үшін Қазақстаннан 1 млн 200 мың адам майданға аттанды. Қан майданда әскерлер қан төксе, тылда еңкейген қарттан бастап, жеті-сегіз жасар балаларға дейін өз еңбектерін қосты. Қазақ әдебиетінің заңғар алыптары С.Мұратбековтың «Жабайы алма», Д. Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз...» атты т.б. авторлардың тылдағы қарапайым халықтың өмірі туралы еңбектерінен оқып, таныстық. Оларды оқи отырып маған мынандай ой келді: «Біздің жақындарымызда осындай ерен еңбектер жасаған шығар, оларға қандай, қаншалықты әсер етті екен?» - деген ойлармен мен жақындарымнан тыл еңбеккерлері туралы сұрай бастадым. Бірақ өкінішке орай, көп жағдайда соғысқа қатысқан әскерлер жайлы көп айтылып, тыл еңбеккерлерінің атқарған ерен еңбектері елеусіз қалып қоя беріпті. Неткен қарапайымдылық десеңізші, өздері аш-жалаңаш жүріп, майдангерлерге жағдай жасауға тырысқан қарапайым халық адамдары өздерінің еңбектері туралы тіпті ауыз ашпай кеткендер қаншама?! Қырықыншы жылдары адамзат басындағы сұрапыл жылдар еді ғой... Бұл жылдарда барлығы да ересек адамдарша еңбек етті.
Біздің ауыл шалғайда жатқан шағын ауыл. Тұрғындар саны көп емес. Менің айтайын дегенім, тыл еңбеккерлерінің саны санаулы –ақ, сонымен қатар, олар туралы деректер көзі де аз екен. Біздің көршіміз - Бұланбаев Серік аға. Ол кісі мінезі тұйық, көп сөйлемейді. Балаларының барлығы да ересек, өмірден өз жолдарын тапқан адамдар. Осы Серік ағаның жанұясымен біздің үйдің адамдары жақын болып кеткенбіз, тіпті туысқан адамдардан да жақын сияқтымыз. Сондықтан осы кісінің анасы - Бұланбаева Жылмас апа туралы айтқым келеді. Осы тапсырманы алған кезде «Неге апа туралы жазбасқа?» - деп ойладым, өйткені бүгінгі ұрпақтың барлығы да осы адамдардың немерелері емес пе? Олар бүгінгі ұрпақтардың болашағы үшін қанды қырғын, тер төгуге барды ғой?
Жылмас апаның ұлы Бұланбаев Серік аға бүгінде ел ағасы, ауылдағы үлгілі, еңбекқор жанұяның ұйытқысы. Ол кісінің айтуынша анасы - Бұланбаева Жылмас 1916 жылы 10 қарашада туған. Өмірінің көп кезеңін тыл еңбеккері ретінде өткізген. Туған жері – Ласты ауылдық мекені. Әкесі Тұрабай, өзінен үлкен 4 ағасы – Мақия, Жақия, Аязбай, Жылыбай – барлығы да Ұлы Отан Соғысына қатысқан. Жылмас апаның өзі соғыс басталғанда жиырма бес жаста болса керек. Жолдасы екеуі бес бала - екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріпті. Жолдасы Бұланбаев Мағзұм 1910 жылы туып, 1958 жылы дүниеден өткен екен. Ұлының айтуынша соғыс жылдарында Жылмас апа қолмен арық жыртып, егін егуге қатысыпты. Алынған егінді арбамен қоймаға тасыған. Қыстың қақаған аязына, жаздың аптап ыстығына қарамай майдандағы жақындарының аман есен келулерін тілеп өздерінің барлық жан-тәнімен еңбек еткен асыл жандар барлық сынақтарға төзіп келіпті. Жылмас апа мінезі тұйық, көп сөйлемейтін болған еді, сондықтан соғыс жылдарындағы тауқыметі жайлы әңгімелеп айтқанды ұнатпайтын - дейді ұлы. Астық науқаны аяқталғаннан соң, мың тоғыз жүз елу алты, елу жітінші жылдары ешбір демалыссыз өгіз арбамен Тұғыл қонысы мен Көкпекті ауданының арасындағы жолды салуға ат салысыпты. Тіпті, қара жұмысты ер адамдармен қатар істеп, еш нәрсеге мойымаған өте қарулы, ер мінезді адам еді дейді ол кісінің көзін көрген адамдар. Ол заманның адамдары шыдамды, мәрт екен. Апаның жиі айтатын сөздері: «1941-1945 жылдары тылда бала деген атымен болмаған сияқты, себебі, олар уақыттың талабына сай ерте ержетті, жылауға да мұршалары болмады. Сәбилердің жылаған дауыстары да сирек естілетін. Қиындыққа, жоқшылыққа, іштен көніп туылды. Күні бойы аш жүріп, кешке қарай аш жаттық. Бірақ уақыттың қатыгездігіне мойымадық. Барлығымыз бір ауыздан тезірек жеңіс туының желбірегенін армандадық, сол жолда жандарымызды пида еттік».
Ауыр жұмыстан қолдары босай қалса, майданға кеткен адамдарға қолғап, аяқтарына байпақ тоқумен де айналысқан екен. Күніне 3-4 сағат қана көз шырымын алып, уақытпен санаспай бес жыл осылай өмір сүріпті. 1960 жылдары сиыр сауын фермасында сауыншы болып жұмыс атқарған Жылмас апа 2006 жылы дүниеден өтті. Осындай өмірінің соңына дейін белін жазбастан еңбек еткен қарапайым халықтың Ұлы Жеңіске қосқан үлесін қалайша жоққа шығармақпыз. Тек данышпан қазақ халқының «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген мақалының тағы да бір дәлелі, көздері тірі кезінде осындай адамдардың еңбектерінің лайықты дәрежеде аталмауы. Осындай жағдайлардың салдарынан өзге түгіл, балаларының өздері де жақындарының ерен еңбектері жайлы толық қанды айта алмай жатқаны жаныңды ауыртады. Бұған уақыт кіналі ме, әлде адамдар ма, ол жағын келешек ұрпақ өзі саралап, кем-кетігін өзі толтыра жатар деп ойлаймын. Себебі, осындай адамдардың ерен еңбегін зерттеп, іздеп тауып, жинақтап тарихи мұра жасау керек. Өткенді жаңғыртпай, болашақ жасалмайды демей ме ұлы халқымыз. Ендеше, соғыс даласында жеңіс үшін ғана күресіп жатса, ауылдағылар жеңіс үшін де, тіршілік үшін де күрес жүргізіп жатты. Адал жарларының аманатқа қалдырған ұрпағын өсіріп, олардың тамағына, киер киімдеріне қолғабыс етіп, астық өсіріп, мал бағып, ата-аналарына қарап, жол салып, шөп шауып барлық жұмыстың тауқыметін тарта отырып олардың тілеуін тілеген қарапайым адамдардың алдында бас июіміз керек деп ойлаймын.
Ұлы Жеңіске 70 жыл толды. Бұл қуаныш баршамызға ортақ, баршамызға мақтаныш. Жылмас апа сияқты қаншама адам осы жеңіс жолында еңбек етті, тер төкті, жанын пида етті. Жылмас апаның өзі өмірден өтіп кетсе де, артында ұрпақтары қалды, біз сияқты жас өскіндері қалды. Олар аналарының қиын да, тауқыметті өмірін ешқашан ұмытпайды. Өйткені, аналары осындай бейбіт өмір үшін қаншама жыл еңбек етті. Десекте, Жылмас апа Тәуелсіз Қазақстанның тұғырлы күндерін көріп өтті өмірден. Ел басына өзінің сайлаушы ретіндегі дауысын беріп, ауыл жастарына батасын беріп Егеменді еліміздің еркін күндерін қуана қарсы алды десек артық емес. Ауыл адамдары арасында беделді Бұланбаевтар отбасы бүгінде ел сыйлаған ордалы бір қауым ел. Еңбекқор апаның адал еңбегін ақтайтын, мақтан ете алатын әлі талай ұрпақ өсірерлері белгілі. Сөзімнің соңында Жылмас апаның жанұя альбомдарынан алынған бірер фото суреттерін қосуды жөн деп санадым.