Ер есімі ел есінде...

Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккерлерінің естеліктері

Есимханов Габбас Есимханович

Алматы қаласында жасақталған 100-ші атқыштар бригадасы офицерлері мен жауынгерлерінің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен ерлігі жайында көп жазылып жүр. Оның бір ерекшелігі, бригаданың дені қазақ жігіттері болатын.
1941 жылы алматы қаласында жасақталып, жабдықталған бұл бригада құрамын да қазақтың ондаған зиялы жастары жаумен шайқасты. Солардың бірі - Әзілхан Нұршайықов. Ол кісі бұл жөнінде өте көп жазып жүр. Таяуда Алматы қаласында бригада мүшелерінің – кешегі майдангерлердің кездесуі болып өтті. Оған біздің облыстан 8 ардагер қатысты. Кеңестер Одағының батыры, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың қанды көйлек қарулас жолдастары: көкпектілік Нүкеш Қайырханов, шұбартаулық Битөлеу Мансұров, шарлық Ризуан Қалиев, ақсуаттық Мәлік Рахымбаев, Зубаирдан Шәкірт Баймолдин, Бородулихадан Қабұлқан, Байжанов пен Ғаббас Есімханов, Семей қаласынан Мұқаш Омарбаев пен Қабаш Ақшалов.

Қабаш Ақшалов редакцияға келіп кездесуден алған әсерлерін ортаға салды.

Кездесу өте әсерлі өтті. Республика Қарулы Күштері ән-би ансамблі әншілерінің жан жүрегінді елжірете орындаған кешегі майдан әндері бәрімізге ерекше әсер етті. Кездесуді ұйымдастыру комитетінің төрағасы С.Жиенбаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Социалистік Еңбек Ері Ш. Серғазин, республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы М. Сағдиев сөз сөйлеп, Ұлы Жеңістің 50 жылдық торқалы тойымен құттықтады. Бір кезде 100-ші атқыштар бригадасымен 31-ші бригада қосылғанда артилерия бастығы болған А.Рахматуллин бригаданың сұрапыл күндердегі тағдырына тоқталып өтті. Ардагерлер сөзіне қарағанда Қазақстан бойынша 1 миллион адам соғысқа барып, оның 620 мыңы оралмаған екен. 100-ші атқыштар бригадасында 7-8 мың адам болса, қазіргі тірі қалған 40-тан астам ғана.

Кездесу астананың ең шұрайлы жерінде, Алатау қонақ үйінің желке тұсына орналасқан ардагерлер пансионатында өтті. Кезінде Д.А. Қонаевтың тірі кезінде арлагерлерге сыйға берілген  бұл демалыс үйлерінде олар үшін барлық жағдай жасалынды. Кездесуге қатысқан ардагерлердің әрқайсысына ақшалай, заттай сыйлықтар берілді. «енді мұндай кездесудіжыл сайын өткізіп тұруды әдетке айналдырамыз» десті майдангерлер.
Семейлік жауынгерлер өздерінің майдандас досы Әзілхан Нұршайықовтың үйінде болып, сол бір қанды майдан жорық жолдарын еске алысты.

Есимханов Габбас Есимханович

Суретте: 100-ші атқыштар бригадасының семейлік жауынгерлері, Кеңестер Одағының батыры Мәншүк Мәметованың майдандастары солдан оңға қарай Қабыш Ақшалов, Қабұлқай Байжанов, Мұқан Омарбаев,Ғаббас Есімханов.
«Семей таңы» газеті 1995 жыл.

Госархивы ВКО