Ер есімі ел есінде...

Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккерлерінің естеліктері

Есембаев Иманғожа

Есембаев ИманғожаЕсембаев Иманғожа Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Пугачев ауылында 1911 жылы дүниеге келген. 1924 жылдан кулак Солдатовта батрак болып жұмыс істеген. 1926 жылы Шұбар-Ағаш ауылының бастауыш мектебінде оқып, 1929 жылы 4 сыныбын бітіріп шығады. 1929 жылдан бастап әр салада қызмет атқарады.

1942 жылғы ақпан айында Әскер қатарына шақырылып, 1944 жылғы желтоқсан айына дейін Ұлы Отан соғысына қатысып абыроймен борышын атқарады. Өзі жеті ағайынды еді, екі ағасы соғысқа барғаннан еліне оралмады. 2-ші Украина майданында 1-ші гвардиялық жаяу әскер дивизиясының минаметшы полкінде қатардағы көздеуші болған. 1943 жылғы қазан айында бомба жарылып, топыраққа көмілген жерінен қазып алғанда, басынан зақым (контузия) алып жараланады. Госпитальда емделген соң еліне оралып, ауылында өз қызметін әрі қарай жалғастырады.

Соғыста ержүрек батылдығымен, қайсарлығымен, адалдығымен Отан соғысының ІІ дәреже орденімен бір рет, жеті рет медальдармен марапатталады. Жанын аямай өз Отанын сүйген, халқының тәуелсіздігін қорғап ерлігімен көзге түскен ардагер азаматын Кеңес Одағының қорғаныс министрі А.Гречко ХХХ-жылдық жеңіс күнімен және аудан әскери комиссариаты жыл сайынғы жеңіс күнімен құттықтап отырды.

1946-1955 жылдары Күршім ауданы, Батпақ-Бұлақ ауылында ауылдық кеңесінде төраға қызметін атқарады, 1955 жылғы 6-наурызда Теректібұлақ округінде депутаттыққа сайланды. 1955 жылғы мамыр айынан бастап басқа кәсіпорындарында қызметін жалғастырып, 1971 жылы кәрілік жасымен зейнеткерлікке шықты.

Соғыстан кейінгі қиыншылықты жеңе отырып, өте зор еңбекқор-лықпен, қажырлықпен, жауапкершілікпен елмен бірге қызмет істейді. 1972-1983 жылдары пошта тасушы қызметін атқарып, өмірінің соңына дейін еңбектен қол үзген жоқ. Өзі 1986 жылы маусым айында дүниеден өтті.

Госархивы ВКО