Ер есімі ел есінде...

Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккерлерінің естеліктері

Даурықбай Жүнісжан Бәйгелұлы

Даурықбай Жүнісжан БәйгелұлыЖүнісжан Бәйгелұлы Даурықбайтегі 1886 жылы Шыңғыс тауының бөктеріндегі Саржал ауылында дүниеге келгді. Ол дүние танымы жоғары, ой өрісі кең, адамгершілік қасиеттері мол адам болған. Жүнісжан үш ағайынды. Жүкіш, Жүніс және Жүнісжан. Жүкіш азамат соғысына қатысып, мерт болған. Жүніс 1932 жылғы ашаршылықта қайтыс болған. Тек Жүнісжаннан ғана ұрпақ тараған. Жүнісжан Алланың жазуымен екі рет үйленген.

Бірінші әйелі – Аяпбергенқызы Мұғила. 1936 жылы 35 жасында қайтыс болған. Одан Сақым, Рымжан деген екі қыз бен Жағыпар атты ұл қалған. Екіші әйелі – Оспанқызы Күлімжан. Одан Әнуар, Жақыпбек деген екі ұл мен Несіпжан атты қыз дүниеге келген. Бүгінгі күні Жүнісжанның артында қалған осы ұрпақтары бағы асып, бақыты тасыған ақар-шақар бір ел.

1924 жылы туған Жағыпардың балалық шағы 1930 жылдың зобалаңына дөп келді. Елде ашаршылық. Сеңдей соғылысқан халық. Адам өлімі. Үрей. Ана баладан, бала анадан тірідей айырылып, қалың ел туған жерінен басы ауған жақтарына үдіре көшкен қиын да, қысталаң шақ. Бір жағынан коллективтендіру науқаны жүруде. Бала Жағыпар осы аумалы-төкпелі заманды басынан өткеріп, небір тар жол, тайғақ кешуден өтті.

Әкесі Жүнісжан колхоздың жылқысын бақты. Анасы жаяу күрек басып, егін екті. Әкесі мен шешесі таңның атысы, күннің батысы демей, бірі жылқышылар қосында, бірі егін танабында еселі еңбек етті. Олардың басты мақсаттары ұрпақтарын ел ішін жайлаған аштықтан аман алып қалу, қанаттарын қатайтып, топшыларын бекітіп, ыстық ұядан аман есен ұшыру.

Жүнісжан Бәйгелұлы коллективтендіру кезінде «Қаршығалы» атты мойынсерікке, кейіннен «Бестамақ» колхозына мүше болып, 20 жылдан астам қарына құрық іліп, жылқы бақты. 6 сәуір 1945 жылы аудандық «Социалистік мал шаруашылығы» газетінде Жүнісжан туралы кең көлемді мақала жариаланып, озат жылқышы 1955 жылы Мәскеудегі халық шаруашылығы жетістіктерінің Бүкілодақтық көрмесіне делегат болып, қатысып қайтты.

Әкесінің ел үшін еткен осы еселі еңбегі, қайсарлығы, турашылдығы, біреудің ала жібін аттамайтын адал мінезі бала Жағыпардың да қанына сіңіп, Машан тауының мұзбалағындай қияға көз тігіп, жұтынып, қанатын қомдап, топшысын бекіте түсті.

Жүнісжан әулеті Сарғалдақтан 1958 жылы Қарауыл ауылына көшіп келді. Атақты жылқышыға топырақ осы жылы қасиетті Қарауыл ауылынан бұйырды. Қашанда алды-артын кең болжап, әрбір ісін ақыл тезіне салып, байыппен шешетін Жүнісжан ақсақал бойына жабысқан дерттің түптің түбінде бір күні алмай қоймайтынын білді. Сезді. Бірақ сабыр сақтады. Үрейге өң бермеді. Бірде балаларын жанына жинады. Тіпті Семей қаласында оқуда жүрген Әнуарды да шақыртты.

- Қарақтарым, - деді ол сонда: - мына дерттің беті жаман. Әлім барда сендердің бастарыңды қосып, жүздеріңді көріп, әкелік ой-толғамымды ортаға салғалы отырмын. Бірінші айтар тілегім – ұйымшыл болыңдар, біріңді бірің тыңдап, ағалық-інілік парызды бұлжытпай орындаңдар. Екінші тілегім – туған-туыстармен қарым-қатынасты үзбеңдер, кімнің алыс, кімнің жақын екенін біліп, туысқандардың қуанышы мен ренішіне ортақтасып, араласып жүріңдер, жатбауыр болып кетпеңдер. Үшінші аманат – адал болыңдар, ешкімнің ала жібін аттамаңдар, рыздықтарыңды еңбекпен табыңдар.

Қайран, әке! Ұрпағының темірқазығы, қиналған шақтарда демеу, сүйеу болған әке өсиетіне де биыл аттай 52 жыл. Жүнісжановтар әулеті әке өсиетін 52 жыл бойы жүрек түкпірінде бойтұмардай сақтап, әке өсиетін бұзбай, соған табынып, соған тәу етіп, ұрпақ өсіріп, немере, шөбере, немене сүйіп, бақытты бал дәуренді бастарынан өткеруде.

Майданда

1942 жыл. Майдандағы жағдай ауыр. Елдің бетке ұстар азаматтары қолдарына қару алып, бірінен кейін бірі от оранған, оқ бораған майдан даласына аттанып жатыр. Қарауыл ауылындағы Абай атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Жағыпар Жүнісжанов та сол азаматтардан қалмауға бекінгенімен, әскери комиссариаттағылар маңына жолатар емес. Олардың бар уәжі «әлі жассың», «тоса тұр» - дегеннен аспайды. Мұндайда Жағыпар намыс отына өртеніп, өзін қойарға жер таба алмай аласұрады. Әйтеуір, қойшы, әскери комиссариаттағыларда жас жігіттің күнделікті талабынан мезі болды ма, қалай, бірде оның көптен күткен өтінішін қанағаттандырды. Сонда Жағыпар Жүнісжанов не бәрі 18 жастағы қылшылдаған жас жігіт болатын-ды. Екі ай бойы Москва түбіндегі Лукино елді-мекенінде әскери жаттығудан өтіп, оқ-дәрі иісін искеген Жағыпар ішкі істер Министрлігіне қарасты 2-ші мотоатқыштар двизиясының 20-шы мотоатқыштар полкының сапында соғысқа кірді. 3 айдан астам Москваны жаудан ерлікпен қорғаған полкты алғы шептен алып, ерекше тапсырма орындайтын бөлімге ауыстырды. Міндет айқын. Қалаға кірмек болған немесе Отанын сатқан жау тыңшыларының жолын кесу. Олардың арам пиғылдарын іске асырмау. Армия, халық ішіндегі іріткіге жол бермеу. Заң қатал. Не өмір, не өлім. Москва комендатурасына тікелей бағынатын полк жауынгерлері ішке өтіп кеткен талай тыңшылардың бет пердесін сыпырып, үлкен ерлік көрсетті. Солардың ішінде қаршадай қазақ баласы, Абай елі, Машан тауынан түлеп ұшқан сайып қыран Жағыпар Жүнісжанов та жүрді.

Әсіресе, 1945 жылғы Ялта конференциясы Жағыпар ағаның жүрегінде мәңгі сақталып қалды. Үш алып державаның Бас қолбасшылары И.Сталин, У.Черчиль, Рузвельт бас қосып, болашақ Германияның тағдыры шешіліп жатқан кезде Ялта конференциясының тыныштығын сақтау, тыңшылардың терорлық іс-қимылдарына жол бермеу – Жағыпар аға қызмет ететін қауіпсіздік полкына жүктелген-ді. Полк алдарына қойған Жоғары Бас қолбасшының бұл ерекше тапсырмасын абыроймен орындап шықты.

9 мамыр 1945 жыл. Неміс басқыншылары жасампаз Совет халқының, оның айбынды қызыл армиясының алдында тізе бүкті. Тұмсықтары бұзылып, тірсектері қиылды. Жеңіс лебі халықты зор қуанышқа бөледі. Елге қайтуға іштей жиналып, іштей дайындалып жүрген полк жауынгерлері Бас қолбасшының бұйрығымен Совет – Фин шекарасынын бірақ шықты. Сол ортада карел – фин әскери округіне қарасты 73 Қызыл тулы шекарашылыр отряды застава бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары және комсомол ұйымының хатшысы Жағыпар Жүнісжанов та болды. Оның төрт жылы осы шекара күзетінде өтті. Қызыл армия сапында 8 жыл мінсіз қызмет атқарып, кеудесіне ІІ-дәрежелі Отан соғысы ордені мен «Германияны жеңгені» және «Ерлігі үшін» медалдарын, «Үздік шекарашы» белгісін таққан әз аға 1950 жылы өзінің кіндік қаны тамған Шынғыстауына аман-есен оралды. Өзгеге мейірім шуағын төгіп, бауырына тартып тұратын Жақаңнан өз өмірі, әскердегі ерлік істері туралы сұрасаң көп сыр аша бермейтін бір мінезі бар. Ол әке қанымен, ана сүтімен сонау бір бала кезінен бойына сіңген, кейіннен «үнсіз майданда» Отанын сатқан опасыздарға қарсы күресте қалыптасқан мінез. Біреу білер, біреу білмес. Жағыпар Жүнісжанов шекара қызметінде жүріп, шекара бұзушы-тыңшыны ұстаған адам. Бұл ерлік пе? Ерлік. Бұл ерлігі туралы Жақаң сыртқа көп сыр шаша бермейді. Оқиға былай болған. Соғыс аяқталғанымен «үнсіз майдандағы» көзге көрінбейтін «шайқас» күшейе тұскен. Әсіресе, шекара бойы тынышсыз. Күнде атыс. Шекарашылар да сақ. Қиядағыны қалт жібермейді. Кезекті бір шекара күзетінде Жақаң мен жанындағы серіге жау тыңшысының соңынан түсіп, шекарадан көп ұзатпай қолға түсіреді. Арнайы дайындықтан өткен, атыс пен алыстың небір түрін еркін меңгерген шекара бұзушы өзін «қазақтың қаршадай қағылез жігіті қолға түсірді»-дегенде сенбеген. Таңқалған. Өкінген.

Міне, Жақаң шекара күзетінде жүріп, екінің бірінің қолынан келе бермейтін осындай үлкен ерлік жасаған адам.

Басшы

Жағыпар Жүнісжанұлының басшылық қызметтері туралы сөз қозғаған кезде әз ағаның жан жары, марқұм, орыс қызы Клавдия Николаевнаны еске алмай, ол кісінің аналық асыл қасиеттеріне тоқталмай өту мүмкін емес. Ұлдары Малгаждармен құрдас болып, бір мектепте оқығандықтан ба, Клавдия анамыздың алдын көріп, қолынан дәм таттық. Аналық ақылын тыңдадық. Қазақша мақалдап, мәтелдеп сөйлеген кезде небір «менмін» деген қазағыңды орта жолда шаң қаптырып кететін, Жүнісжан әулетіне адал келін бола білген Клавдия анамыз Абай елінің құрметті де, сыйлы, ақ дастарханы бауырсаққа, үйі қонаққа толы аналарының бірі болды.

Соғыс жылдарында Сарғалдақ ауылына жолдамамен дәрігер болып келген сары шәшті, көк аспандай мөлдір көк көзді, сұлу қыз соғыстан жеңіспен оралған, кеудесі орден-медальдарға толы Жақаңмен дәм-тұзы жарасып, Жүнісжановтар әулетіне келін болып түсті. Содан бері қарай Жағыпар Жүнісжанов пен Клавдия Николаеваның қос аққудай жұптары жазылмай, ұрпақ өсіріп, немере, шөбере сүйіп, бақытты өмір кешті. Ғибратты өмірлері көпке үлгі-өнеге болды.
Жақаң соғыстан кейінгі жылдары аудандық мәдениет бөлімінде, кейіннен аудандық партия комитетінде 13 жыл бойы нұсқаушы, ұйымдастыру бөлімінің

меңгерушісі болып абыройлы қызметтер атқарды. Т.Серкешев, К.Асанов, К.Нұрбаев, Х.Матаев, Р.Ғабдуллин, К.Құмаров, Е.Шұқыжанов, С.Мейірханов, Н.Уәлиев, Н.Сембаев, О.Арғынбеков, О.Садуақасов, Н.Құмарова сияқты ауданның бірінші хатшылары мен аудандық Советі атқару комитетінің төрағалары  және іскер азаматтарымен қоян қолтық жұмыс жасады.

Жақаңның өміріне өшпес із қалдырған, халықтың  орынды сый-құрметіне бөленген, өркендеп, өскен, есейген басшылық қызметін екі кезеңге бөлуге болады. Соның біріншісі – 1967 жылы аудандық партия комитетінің бюро шешімімен  аудан өмірінің айнасы – «Совхоз туы» газетіне редакторлық қызметке жіберілуі. Арнайы журналистік мамандығы болмаса да, бала кезінен жазу-сызуға ебі бар, соғыстан кейінгі жылдары жүрегінде пайда болған осы бір отты өшіріп алмай, оны одан сайын үрлеп, маздата  түскен Жақаң редакция мен баспахананың ауыр жұмысына арқасын тосты. Редакцияны алға сүйреді. Өзі де шыңдалды, басқаларды да шыңдады. Редакция мен баспахана жаңа ғимаратқа көшті. Жаңа  мебель, әріп теретін жаңа техника-линотип машиналары алынды. Журналистердің беделі, газеттің сапасы артты. М.Жанболатов, М.Құрманбеков, А.Дұйсенбеков, Ә.Мәкенов, К.Башеев, А.Нұрбаев, М.Ибраев, М.Ақанов, М.Тоқтаров, Б.Бұланбаев, Қ.Тайтөлеуов сияқты қарымды журналистер, М.Искаков, Т.Әкімбекова, М.Қайсабекова, Г.Мұсажанова, Л.Жаңабаева сияқты линотипистер мен бет беттеушілер Жақаңның шинелінің астынан өсіп шықты.

1971 жылы Жағыпар Жүнісжанов халық депутаттары Абай аудандық Советі атқару комитеті председателінің орынбасары болып, жаңа қызметке тағайындалды. Бұл кезең Жақаңның жарқырай еңбек еткен, ел үшін, Қарауыл халқы үшін тер төккен кезеңі болды. Қашанда сырбаз мінезді, ақылды алға салатын Жағыпар Жүнісжанұлы К.Оспанов, К.Самарғалиев, Р.Бегалимов, С.Иманғалиев, С.Тұрысбеков, Ғ.Қабдырахманов сияқты іскер мекеме басшыларына арқа сүйей отырып, олардың әрбір игілікті істерін қызу қолдай отырып, аудан экономикасы мен мәдениетінің өркендеп, өсуіне айтарлықтай үлесін қосты.

Қарауыл селосы мен ауылдардың бет бейнесі адам танымастай болып өзгеріп, жаңа архитектуралық ғимараттар бой көтерді. Қарауылдағы жаңа емхана комплексі, тұрмыстық қызмет үйі мен универмаг, «Қаракөз» рестораны  мен «Айсұлу» дүкені, көп қабатты тұрғын үйлер, қонақ үй мен пионерлер үйі және ауылдарда бой көтерген тағы да басқа құрлыстар заман өзгерсе де бүгінгі күнге дейін халыққа қызмет көрсетуде. Осы жұмыстардың ұйымдастырушысы hәм жетекшісі, аудандық Совет атқару комитеті председателінің құрылыс істері жөніндегі орынбасары, соғыс және еңбек ардагері Ж.Жүнісжанов болды.

86 жыл өмірінің 8 жылын Отан қорғауға, 68 жылын Абай ауданын өркендетуге жұмсаған Жақаң 30 жыл аудандық партия комитетінің мүшесі, 18 жыл бюро мүшесі, 22 жыл аудандық Советтің депутаты болып, ел игілігі жолында еселеп тер төкті және осы басшылық қызметтен құрметті еңбек демалысына шықты.

Қарт журналист

Елге, кейінгі ұрпаққа ғибратты сөзімен, өнегелі ісімен үлгі болып, ортамызда жүрген қарттарымыз некен саяқ. Көбі той-томалақтар да бос сөйлегендеріне мәз.
Ішінде ұстайтын не бір бәтуалы сөзі, не бір нәрі жоқ осындай бөстекі сөздерді бөстірген сол бір қарттарымыздан не хайыр, не өнеге. Міне, осындай сәттерде санаңа Жағыпар ақсақалдың сабырлы да салиқалы сөздері сақ ете түседі. «Екінің бірі Жақаң бола алмас» деп дау айтушылар да табылар. Бір жағынан бұл шындық. Бірақ қарт журналистке бұл қасиет тек қана таза еңбекпен, ізденімпаздықпен, ойының мөлдірлігімен келгендігін ұмытуға әсте болмайды.
Бүгінде 86 жасқа аяқ басқан, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, қарт журналист Жағыпар ақсақалдың есімі облысымызды қойып, республикамызға кеңінен мәлім. Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаевқа от тілді, орақ ауызды Шәкір абыздан кейінгі екінші болып бата берген батагөй ақсақал, бақытты қартыңыз да осы, Жақаң.

Айналайын, Нұрсұлтан,
Абай елі атынан,
Берейін адал батамды.
Тілейін тілек алладан,
Пір тұтып Абай атамды... – деп басталатын Жақаңның 1998 жылдың қараша айында Жидебайда Елбасымен кездесуде берген батасының әрбір жолы абайлықтардың жүрегін жылытып, мерейін өсіргендігі кім-кімге болмасын қуаныш әрі үлкен мәртебе.

Соғыста қолына қару ұстап, жаумен бетпе бет шайқасқан батагөй ақсақалдың ендігі қаруы қалам. Сол қаламның құдыретті күші және Алланың берген қуаты өмірге «Бата бере білесіз бе?», «Отыз әулет, мың ұрпақ», «Ту тіккен тобықтының қолбасшысы» - деген кітаптарды дүниеге әкелді. Қарт журналистің жүрегін жарып шыққан, өмірмен үндескен «Бата бере білесіз бе?» атты баталар жинағы көптің жастардың үйлену тойларында, құда-құдағиларды күту кештерінде бата, тілек беретін сүйікті кітабына айналды.

Батагөй ақсақал әлі күнге ой маржандарын, өзі жүріп өткен өмір жолдарын ақ қағаз бетіне түсіруден жалыққан емес. Рас, бұрынғыдай мықты денсаулық та жоқ. Соғыс салған жара араға 65 жыл салып отырса да ойға алған мақсаттары баршылық. Көзі тірісінде, бойда қуаты барда соларды тасқа бастырып, ұрпақтарына аманат етіп тапсыру. Аталық парызын абыроймен орындау. Әкесі Жүнісжанның өсиеттеріне өзі қалай адал болса, өзінің жазғандарына да ұрпақтарының адал болуын сезіну.

Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейлі мерекесін қарттыққа бой алдырмай, сергек көңіл, сезімтал жүрек, мөлдір санамен қарсы алып отырған халық қадірлісі, 86 жастағы батагөй ақсақал Жағыпар Жүнісжановтың алдағы өміріне де бақыт, қуаныш тілейміз!

Әмсе, жасай беріңіз, жақсы аға! Сіздің жүріп өткен жолдарыңыз бен ғибратты өміріңіз көпке үлгі-өнеге!

Госархив ВКО