Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккерлерінің естеліктері
Асылбаев Хабдоллы Арабаевич
Әлдеқалай қолыма түскен «Жорық жолдары» атты кітапты қызыға оқып шыққан едім. «Қазақстан» баспасынан 1980 жылы шығыпты. Кітап авторы Қапас Ошамбаевты сырттай білгендіктен бұл ағамыз не жазды екен деген қызығушылық та болды. Өзі жүріп өткен жорық жолдары, жауынгер достары жайлы тартымды ой қозғапты.
«Даңқты дивизия Днепрде» деген тараудан өзім жақсы білетін ардагер екі ағамыздың аты-жөндерін оқығанда ерліктеріне ерекше сүйсіндім. «Мишурин Рог үшін болған шайқаста пулеметші гвардия сержанттары Қабан Нұржақыпов, Қабдолла Асылбаев пен Қали Мұқамбаев асқан ерлік жасады. Басынан жараланған Қ.Нұржақыпов әбден әлсірегенге дейін пулемет тұтқасынан айырылған жоқ. Қарсы шабуылға шыққан жауды жусатумен болды. Бір кезде ол есінен танып құлап түсті...» деп сипаттайды автор жерлестеріміздің ерліктерін.
Бүгінде Қабан аға, ортамызда жоқ. Кезінде осы бір абзал азамат жайында оның Ұлы Отан соғысындағы ерліктері туралы өзім де жазған едім. Бірақ қаншама әңгімелесіп жүрсек те ол кісі бұл кітап жөнінде сыр шашпаған еді. «Мен туралы пәлен деген кітаптан оқы» демеуі табиғатына біткен қарапайымдылығы болар. Әлде бұл кітап оның қолына түспеді ме екен? Мүмкін де емес сияқты. Өйткені, аталмыш кітап авторы екеуі Ұлттық қауіпсіздік комитеті органында қызметтес болған жандар.
Ал, Қабдолла Асылбаев ағамыз Өскеменде бақытты тұрып жатыр. Алла қоса жуықта жетпістің бесеуіне келмек. Бір кездескенде осы кітап жайлы айтып едім: «Е, ол кітап өзімде бар. Бір жылы Фрунзе інім Алматыдан ала келіпті» деді елеусіз ғана. «Биылғы жыл қариялар жылы болмақ, газетке алдымен өзіңіз жол салып берсеңіз қалай болады» дегенімде ойланып барып, әңгімелесер күнді байлады.
Мен үш рет тура келген ажал оғынан аман қалған жанмын. Оның бірі екі-үш жасар кезімде болған оқиға еді, деп ардагер аға сөз бастағанда: «Апыр-ай, сәбиге мылтық кезеген қандай зұлым?!» деген сауалдың аузымнан қалай шыққанын аңғармай да қалдым.
...Ақ пен қызыл болып қырқысып жатқан кез. Арғы бет аспақ болғандардың бәрі қызылдар үшін – «бандылар». Өрел гарнизонының жауынгерлері сондай бір топтың соңынан қуғын салып бара жатқанда Шындығатай жайлауында жападан жалғыз отырған Асылбай аңшының мекеніне тап болады. Аңшының арсылдай қарсы алған итін қызыл әскердің бір жалғыз оқпен жайратып салды. Ал, бұл сәтте киіз үйдің ішінде сәби бала алаңсыз ойнап отырған-ды. Иттен өткен оқ Қабдолланың астындағы мамық жастыққа иіріліп қалды. Сәл жоғары кетсе, аңшының жалғыз ұлы мерт болмағанда қайтетін еді. «Сәбиді періштесі қақты» деген осы болар.
Катон өңірінебелгілі аңшы Асылбай кейін шекара бөлімінде жолбасшылық жасаған. 1939 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне осы өңірден тұңғыш қатысқан адам. Оған кәсіби аңшы ретінде 1934 жылы берілген аңшылық билет ұлы Қабдолланың қолында күні бүгінге дейін сақтаулы.
Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған взвод командирі, аға сержант Қабдолла Асылбаевті алда әлі екі жыл әскери қызмет күтіп тұрған-ды. «Жауды жеңдік, ендігі арман елге оралу» деп лепірген жүректі бұйрық басты. Аға сержант Германияда қалдырылды. Штабтың құпия бөлімінде қызмет істеп жатты. Бірде ана жерде, бірде мына жерде дегендей, атбасын тіремеген қаласы жоқ.
Биссмар қаласында еді. Потсдамға жетуге шұғыл бұйрық болды. Тапсырма сол жерде беріледі, деді штаб бастығы.
- Кілең сайдың тасындай офицерлер мен кіші командирлер жиналыпты. Бәрімізге арнаулы жаңа әскери киім берілді. Бар білетініміз: Потсдамға үш ұлы мемлекеттің - СССР-дің, Ұлыбританияның, АҚШ-тың мемлекет басшылары жиналады екен. Біздің міндетіміз – соларды күзету. Ресми Берлин конференциясының маңызын сол күндері біз біліппіз бе, кейін ғой түснгеніміз,- деп Қабекең осынау тарихи оқиға туралы желпіне әңгімелейді.
Аға сержант Қабдолла Асылбаев Ұлыбритания премьер-министрі У.Черчилль мен АҚШ президенті Г.Трумэнді аэропорттан құрметті қарауыл сапында тұрып қарсы алған бірден-бір қазақ солдаты.
Ал, Сталин ше?!
- Кеңес Одағының басшылары поезбен келді. Сталинді көру мүмкіндігі тумады.
Бірақ оның есесіне жерлесіміз Черчилльдің резеденциясын күзету бақытына ие болған. Ұлы адамдарды бір көрудің өзі бақыт-ау! Ал, қазақстандық солдат оны күн сайын көріп тұрған.
- 1945 жылдың 12-шілдесінен 2-тамызына дейін Потсдамның Сесилиан – Хоф сарайында одақтас үш мемлекеттің басшылары екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс тапқан. Германияның тағдырын шешті. Оны демократиялық негізде қайта құрды. Осы тарихи оқиғаға аты аңызға айналған Черчилльдің резиденциясын күзетуші ретінде қатысқанымды Ұлы Отан соғысындағы басымнан өткен бір елеулі оқиға ретінде ұмытпаймын. Англия делегациясы басшылары түскен түскен үйді әр он метр сайын бір жауынгерден тұрып қоршай күзетумен болдық. Бұл мен үшін ұмытылмайтын күндер,-дейді қарт жауынгер.
Өр Алтайдан аттанған жас жігіттің жорық жолы Берлинде Рейхстаг түбінде аяқталды. Жетпісінші гвардиялық дивизияның 205-полкінің сапында Курск иініндегі қанды қасапты басынан кешті, жанкештілікпен Днепрден өтті. Варшава мен Кенигсбергті шабуылдап, Берлинді алды. Екі рет ауыр жарақаттанды. Берлинге жеткенде взвод командирінің омырауында Қызыл Жұлдыз, Отан соғысы, үшінші дәрежелі Даңқ ордендері мен бірнеше жауынгерлік медальдар жарқырап тұрған-ды.
- Облыстық астық өнімдері басқармасының бастығы едім. Бірде кабинетіме егделеу адам рұқсат сұрап кіріп келді. Мені танисың ба деп сұрады. Білмейтінімді айттым. Курск иіндегі бір шайқаста жаралы командирді төрт солдат плащ-палаткаға салып, ұрыс даласына алып шыққан оқиғаны есіңе түсірші, деді бетіме күле қараған ол. Сол төртеудің бірі сен болсаң, екіншісі алдыңда отырған осы пақырың дегенде барып шырамыттым. Матвей! Дмитриев! Курск үшін екеуіміз де үшінші дәрежелі Даңқ орденін алғанбыз. Кейін Матвей Иванович осы орденнің қалған екі дәрежесін алып, толық иегері атаныпты. Майдандас досымен 30 жылдан соң осылай кездестік. Бір қалада тұрсақ да бірімізді-біріміз білмеппіз. Ол соғыста қандай ерлік көрсетсе, Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында айрықша еңбек еткен адам,-деп майдандасын құрметпен еске алды.
Қабекеңнің соғыстан кейінгі еңбек жолы тек дайындау жүйесінде өтті. Республика Дайындау министрлігінің Катонқарағай ауданындағы өкілінен облыстық астық өнімдері басқармасы бастығына дейінгі қызметтес болды. Осы саладағы еңбегі үшін Құрмет Белгісі, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен бағаланды.
Соғыстан оралған соң Мәскеудегі бүкілодақтық азық-түлік өнеркәсібі институтын тәмамдады. Осында жүріп рязандік ару қыз Полинамен табысты. Полина Акимовна екеуі қазір ұлдары Арманның, немерелерінің қызығын қызықтауда. Арман болса Ресей Сыртқы істер министрлігінде қызметте. Үш жыл осы елдің Жапониядағы, екі жыл Қазақстандағы елшігінде қызмет істеді, бірнеше шет тілді меңгерген, жер асты коммуникациясының аса білікті маманы. Тәуелсіздік алған өз еліне еңбек сіңіргісі келген азаматқа үкіметіміз лайықты қызмет ұсына қоймаса керек. Армандай сыртта жүрген білікті жастарымыз туған халқына қызмет етуге тілек білдіріп жатса, оларды неге ішке тартпасқа. Ұлттық кадрды бағаламаушылық деген осы болар.
Не ішем, не кием демей уайым-қайғысыз ғұмыр кешіп отырған Қабдолла ақсақал бүгінде жақын да болса алыстағы Мәскеу жаққа қарап алаңдайды. Құдайдан қайда жүрсе де жалғыз тұяғының амандығын тілейді...
Госархив ВКО, ф. 753, д. 2, л. 168