Ер есімі ел есінде...

Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккерлерінің естеліктері

Аманжолов Молдақаш

Миллиондаған отбасына қайғы-қасырет әкелген Екінші дүниежүзілік соғыстың салқыны жүрек сыздатады. Қыршынынан қиылған боздақтар, із-түзсіз жоғалған солдаттардың беймәлім тағдыры Қазақ елі тарихында мәңгілік сақтаулы.

ХХ ғасырдың зұлматы – қан майданға аттанған жұбайы Молдақаш Аманжоловтан айырылған Күлән апа, кеудесінде қоламтасы жарты ғасырдан бері сөнбеген жанның бірі еді. Алайда жан-жарына қай жердің топырағы бұйырғанын білместен бақиға аттанып кете барды. Тіпті біраз уақыттан кейін өзі қанша жылдар үміт үзбей, сарыла күткен жұбайының жерленген жерін балаларының тауып, тағзым етерінен де бейхабар күйде өмірден озды. Жаралы жүректерде қанша өкініш, қаншама арман қалды десеңізші. Сұрапыл соғыс салған жара жазыла ма? Шерменде аналар жүрегіне шемен боп қатқан көз жастар сұрауын кім берер...  

Небәрі 38 жасында майданға аттанып, ұрыс даласына кірген аға лейтенант Молдақаш Аманжолов – соғысқа дейін оқу-ағарту саласында қызмет еткен интеллигент. Алды –артын болжай білетін сұңғыла азамат 1941 жылдың қаңтарында өз қолымен жазған өмірбаянын былай деп бастапты.

«Мен, Аманжолов Молддақаш 1904 жылы Белағаш ауданының Тоқаев ауылдық кеңесінің Сары ноғай поселкесінде дүниеге келдім. Әкем байдың қолында 35 жыл жалшы болды. 36 жасынан 49 жасына дейін кедейлер шаруашылығымен айланысты, 1921 жылы әлпештеп отырған ата-анадан айырылып, кіші інім екеуміз қаңғыбасқа айналдық. Сол жылы Семейге келіп, бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын 8 айлық курсқа жазылдым. 1922 жылы Қазақ педагогикалық техникумына түсіп, 3 жыл оқыдым. Бұдан кейін де мұғалімдер дайындайтын қысқа мерзімді курстардан 3 рет өттім», - деп басталған өмірбаян ары қарай Молдаш ағаның білім саласындағы қызметімен жалғасады.

Аманжолов Молдақаш

1924 жылды4 1-маусымынан 1-қыркүйегіне дейін іс қағаздарын жүргізуші болып қызмет атқарса, сол жылдың қыркүйегінен 1925 жылға дейін Озерки поселкесінде сауаттылықты жою маманы болып еңбек етеді. Ауылдағы шаруалардың сауатын ашу өз кезегінде өте жауапты қызмет болып саналғандықтан, ол өзіне үлкен жауапкершілікті жүктейді. Елдің жаппай сауатты болуына үлес қосады. Осы істе жас та болса білімділік пен біліктілік таныта біледі. Ал 1925 пен 1933 жылдар аралығында мектеп инспекторы мен мұғалім қызметтерін атқарады. Семей уезіне қарасты Үш-ашын ауылдық кеңесінің Қарабаш бастауыш мектебінде, Жаңа –Семей ауданының Ертіс ауылдық кеңесіндегі № 2 мектепте, сол ауылдық кеңеске қарасты «Кенжебай» поселкесіндегі бастауыш мектепте, Семей қаласындағы № 16 мектепте ұстаздық етіп, кейіннен 1940 жылы сол мектептің директорлығына тағайындалады. Ақсуатта білім бөлімінің меңгерушісі болады. Қарапайымдылығымен, ізгі адами қасиеттерімен ел құрметіне бөленіп өткен ұстаз, 1942 жылдың қыркүйегіне дейін аудандық партия комитетінде небәрі екі ай ғана қызмет жасап, сол жерден соғысқа аттанады.
Күлән ана құрсағындағы сәбиімен, ес біліп қалған балаларымен ерінің амандығын тілеп, елде қалады. Енді-енді өсіп келе жатқан балаларға ауыртпашылық түседі. /соғыстан қайтқан солдаттар/
Отағасы соғысқа кетерінде зайыбына: «Егер ұл туса-Майдан, қыз болса-Жеңіс» -деп ата деп аманат еткен көрінеді. Ері соғысқа аттанғаннан соң бір айдан кейін дүниеге келген нәрестесін кейуана «Майдан» деп атайды.

Аманжолов Молдақаш

Алғашында үшбу хаттар елдегі аман-саулықты білдіріп, екі араға дәнекер болғанымен, кейіннен үнсіз қалды. Дәтке қуат етіп жүргенде, отағасынан хабар келеді. Оны 1943 жылдың басында Москва түбіндегі госпитальда жазған көрінеді. Бұл оның соңғы хаты еді. Ал жаз ортасында ауылға қабырға қайыстырар қайғылы қазаны жеткізер қара қағаз да келіп жетеді. Ондағы бір жапырақ қағазда Орталық майданның 3-ші гвардиялық әуе-десанттық дивизиясының екінші гвардиялық атқыштар полкінің батальон парторгының 1943 жылдың 20-шілдесінде  қаза тапқаны туралы айтылған. Көз көрмеген соң көңіл шіркін сенбей «қаза болды» деген жаман атқа қимай Күлия ана қатты қиналады. Алайда шаңырағының жалғасы – балалары үшін бойындағы бар күш-қайратын жиып, үміт үзбей ел қатарлы тірлік жасайды. Тағдырға қайыспайды. Күндердің күнінде бір хабар болып қалар деген жылт еткен үміт отын жүрегінен сөндірмей, күтумен жүреді. Балаларын көңіліне медеу етеді. Жан жарының қызмет етіп жүргендегі барлық құжаттарын жиып-теріп, келгенде бір керегіне жаратар деген үмітпен сақтап қойған. Ішіне есеп-қисап жүргізген қағаздары, араб, орыс тілдерінде жазылған актілер, куәліктер мен анықтамалар, тіпті Сталиннің 1941 жылы Москваның Қызыл алаңындағы шеруде сөйлеген сөздеріне дейін бар. Бүгін де сол сарғайған қағаздар беті асыл жар, қадірлі әке, ұлағатты ұстаз, Отанының адал перзенті, елінің патриоты жайлы сыр шертеді. Соның бірінде, Молдаш Аманжолов жайлы мынадай мінездеме бар: өз ісін жетік меңгерген, педагогикалық және жалпы білім беру саласында білімді, саяси сауатты, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытады, өз бастамасымен еңбек етуге қашанда даяр. Бұл сол кездегі коммунистік партияның белсенді мүшесінің қандай азамат болғандығының дәлелі. Иә ұрпағы үлгі тұтып, мақтан ететін әке осындай болуы тиіс. Отағасы майданға аттанғанда ес біліп қалған Сиязбек, әкесін мәдениетті, сабырлы, әділ еді деп еске алады. Асыл әкенің жарқын бейнесі көз алдынан кетпей, бала жүрек сағынады. Бүгінде оның өзі сексенді алқымдап қалды.

Қашанда өзінің алғыр ойлылығымен, ақыл-парасатымен ерекшеленетін Молдақаш отағасы – кескілескен қан майданнан тірі оралмайтынын сезгендей, госпитальда жатып, ұрпағым ұмытпай жүрсін деп, 4 айлық сәбиі Майданға өз суретін жібереді. Сол суреттен әкесі соғысқа кеткенде ана құрсағында қалған Майдан есейе келе күш-жігер алады, бір жапырақ қағаздағы әке бейнесі Майданның өмірден өз орнын табуына ықпал етеді. Ұрпағына деген сүйіспеншіліктен сыр шертіп, сағыныштан сарғайған фотосурет сыртында әке қолымен жазылған «Көзіңнің қарашығындай сақта. Адам бол!» деген сөзді жадынан шығармай, үнемі нұсқаушысындай көреді. Өмірден өз орнын табуға ұмтылып, әке атына лайық болуға тырысады. Әкенің салған сара жолы Майданды еш адастырған да емес. Сол жылғы сәбилер өсіп ер жеткенімен, әке бейнесін іздеген сағынышты сұрақтары өмір бойы жүректерінен кетер ме? Майдан әкесін іздеуге бел буады. Алайда қалай, қайдан іздеу керектігін де білмейді. Өйткені, сол бір сұрапыл жылдары Күлия ана қара қағазды алғанымен оны  жоғалтып алады. Сол себепті әкелерінің қайда жерленгенінен де бейхабар қалады. Тек 1981 жылы Майдан Молдақашұлы Москвада милиция академиясында оқып жүргенде жөн білетін адамдар қайдан, қалай іздеу керектігін айтады. Сол кездегі қорғаныс министрінің орталық әскери мұрағаты орналасқан Подольскіге үш рет барады. Алайда ондағылар әкесінің есімі еш жерде жазылмаған деген анықтама ғана береді. Іздеуді тоқатпастан 1986 жылы тағы да сұрастырып көреді. Төрт жылдан кейін аға лейтенант Молдақаш Аманжолов 1943 жылдың 20 шілдесінде қаза тауып Курск облысының Бузулук ауылында жерленген деген жауап алады. Алайда сол облыстан іздегенмен ондай ауыл жоқ болып шығады. Кейіннен іздеу жұмыстарын қаза болған аға лейтенанттың немерелері – Гүлнара мен Раушан жалғастырады. Интернетке сұрау салып, газеттер арқылы, «Жди меня» бағдарламасы арқылы іздестіреді. Интернетте пайда болған Ресейдің «Мемориал» атты сайтына кіріп, сұраныс жібереді. Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен қаза тапқандар, із-түзсіз жоғалғандар туралы мәліметтер базасы жинақталған жаһандық желі қызметі арқылы Курск, Воронеж, Брян облыстарынан іздестіреді. «Курская правда» газетінің тілшісі Борис Киряев Бузулук ауылының Орлов облысында екенінен хабардар етеді. Хат жазып, хабарласу барысында әкімшілік-аймақты қайта бөлуде Бузулук ауылы Курск облысынан Орлов облысына берілгені анықталады. Осылайша іздеушілерге қандай да бір дерек алудың сәті түседі. Ресейліктер өзге облыстардан әскерге шақырылғандар мен Орлов жерінде қаза тапқандардың аты-жөндері жазылған сайт ашыпты. Олардың арасында 1904 жылы туылған, 1943 жылы 20 шілдеде қаза болған аға лейтенант Молдақаш Аманжолов та бар. Тек жерленген жері – Малоархангельская станциясы деп көрсетіліпті. Майдан Молдақашевтың милиция академиясындағы жолдастарының көмегімен әскери мұрағаттан гвардиялық әуе-десанттық дивизиясының қаза тапқан саяси қызметкерлерінің тізімін табу мүмкін болады. Ол тізімнен де оның әкесінің аты табылады. Қате жазылғанмен барлық басқа мәліметтер сәйкес келеді. Достары Орталық майдан картасын салып жібереді. Ол картада айтылған Малоархангельское ауылы көрсетілген.

-КСРО Қорғаныс министрлігі құжаттарының көшірмесінде бұл ауылда шынында да бауырластар зиратының барлығы, ондағы сынтасқа жерленген 719 жауынгердің есімі жазылғаны туралы айтылған. Бірақ онда әкесінің аты-жөні болмай шығады. Қорғаныс министрлігінің сол құжатында Бузулук ауылында қаза тапқан жауынгерлердің денелерінің 1958 жылы қайтадан бауырластар зиратына жерленгені туралы жазылған. Осылайша олар әкелерінің аты-жөнінің қалайша сынтасқа жазылмай қалғанын біледі.

-19 жыл іздеді. Үміт үзбеді. Ақыры еңбегі жанып, үміті ақталып, тапты. Ұлы, әке алдындағы борышын өтеді. Әкесі соңында ұрпағы болғандықтан іздеусіз қалған жоқ. Дегенмен Майдан Молдақашұлы тек сурет арқылы ғана танитын әкесімен кездесуге жүрексінді. Алайда перзенттік борыш, әкеге деген сағыныш оны бауырластар зиратына жетеледі. Ата-ана парызын өтеп, 2009 жылдың 9 мамырында Жеңіс күні өскемендік Майдан Аманжолов Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха ауылында тұратын 78 жастағы ағасы Сиязбекпен 19 жыл тынбай іздеген әкелерінің бейітін тауып, ет-жүрегі езіле басына тағзым етті.

Майдан әкесі айтқандай адам болды. Әкесі сияқты еңбек майданында мінсіз қызмет атқарды. Елі оның ерен еңбегін бағалап марапаттады. Майдан Аманжолов тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш милиция генерал-майоры атанды. Бұрынғы Семей облысында еңбек жолын бастаса, кейіннен Маңғыстау облысында қызмет етіп, ұзақ жылдар бойы Шығыс Қазақстан облысының ішкі істер басқармасын басқарды.
Бұл тек біз үшін ғана емес, балаларымыз, немере, шөберелеріміз үшін маңызды. Отанға қызмет ету атадан балаға мұра болып жалғасуы тиіс, дейді Майдан аға.
Иә, Отан үшін от кешіп, ел ертеңі үшін оққа ұшқан әкелер ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.

Госархивы ВКО