Жеңіс тылда шыңдалған

Тыл ардагерлері

Гадиев Асқар

Гадиев Аскар 1917 жылы Татарстан астанасы Қазан қаласында дүниеге келді. Осы қалада мектепте оқып, ер жетті. Шыны заводында жұмыс істеді.
1941 жылы 22 маусымында майданға аттанды. Курск-Орел доғасында танк жүргізушісі  ретінде ауыр шайқастарға қатысты. 1943 жылы оң қолы, қабырға, кеудесінен ауыр жараланып соғыстан қайтарылды.
Сол жылдары Татарстаннан көптеген отбасы Қазақстанға, соның ішінде Зайсан ауданына көшірілген. Асқар тағдырдың жазуымен  Зайсан жеріне келеді, мүгедектігіне қарамай кіре тартып, жан аямай жұмыс істейді. Әке-шеше, туыстарын іздейді, оларды қазіргі Кеңсай ауылынан табады.
Гадиев Асқар 1943-1945 жылдары Зайсан жерінде тылда ерен еңбектің үлгісін көрсетті. МТС, колхоз, совхоздарда, ферма, бригадаларда бригадир, есепші болды. Майлыбайдағы тоған арқылы егін суаруды ұйымдастырып, жоғары өнім алуға ықпал жасаған. Қыста қарағай кестіру, шаруашылыққа құрал-сайман жасату, өндірістің басқа да қыруар жұмыстарына атсалысқан, бірге атқарысқан. Өмір бойы тынымсыз жұмыс істеген, Саржыра ауылының үлкен-кішісі қадірлеген, сыйлы ақсақалдың бірі еді. 1994 жылы Саржыра тұрғындарының өтінуі бойынша ауылдың бір көшесіне Гадиев Асқар аты берілді. Бірнеше орден, медаль, грамоталармен ардақталды. Зайыбы Айсанова Қайныкеш екеуі 12 бала тәрбиелеп өсірді.

 

Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының Зайсан филиалы