Тыл ардагерлері
Зәкиев Сейітқазы
1925 жылы Зайсан уезінің Шілікті ауылында өмірге келді. Ол қиын-қыстау кез еді. 1932-1933 жылдардың ашаршылығы ешкімді аямады. Ауыл адамдарының бірлігі, әке-шешесінің тірлігі арқасында аман қалды.
Ұлы Отан соғысы басталғанда 16 жаста. Мектепте оқыған сауатты, зерек, алғыр жас тылда жан аямай жұмыс істеді.1942 жылы Үлкен-Қаратал ауылдық кеңесінің хатшысы Сейітқазы Зәкиев тылдағы еңбекті ұйымдастырудың алғы шебінде жүрді.
Ұлы Отан соғысына қатысты. Майданда 18-19 жасында от пен оқ кешті. Елге оралған соң 1946 жылы Зайсан педучилищесін, 1949 жылы Семейдегі мұғалімдер даярлайтын 2 жылдық жоғары оқу орнын бітірді. 1949-1959 жылдары Үлкен-Қаратал, Қаратал, Сартерек мектептерінде оқу ісінің меңгерушісі, директоры, 1959-1965 жылдары аудандық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, «Освобождение» колхозы партия комитетінің хатшысы, 1965-1973 жылдары аудандық партия комитетінің хатшысы, 1973-1975 жылдары аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болды.
Секең Зайсан ауданының өркендеуіне көп еңбек сіңірген танымал тұлға. Тылдың да, майданның да ардагері, көптеген Отан наградаларын алған. Зайсан қаласында Сейітқазы Зәкиев атындағы саябақ бар.
Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының Зайсан филиалы