Тыл ардагерлері
Жотабаев Бұзаухан
1902 жылы Зайсан уезінің Жаңа тұрмыс ауылында өмірге келді. Өңірдегі аласапыран, аумалы-төкпелі кезеңдердің бәрін көрді (1947 жылғы соғысқа қазақтарды қара жұмысқа алу, Зайсанда кеңес өкіметінің орнауы,азамат соғысы, ашаршылық,т.б). Ол ересек, етжеңді қарулы жас еді, күнкөріс үшін жанталаса жүріп жұмыс істеді. Алғашқы мойынсерік, колхоздың көп шаруасына атсалысты.
1940 жылы мамыр айында Большенарымдағы механизаторлар даярлайтын мектепті бітіріп, комбайншы, тракторшы мамандығын алып шықты. МТС-та жұмыс істеп жүргенде соғыс басталды. 1943 жылға дейін тылда жанаямай еңбек етті. Сол жылы майданға алынды. Жеңісті Болгарияның астанасы Софияда қарсы алды. Бірнеше жыл қан кешіп, от пен оқтың ортасында жүру кімге болса да өте ауырлық түсіргені аян. Құдай сақтап, аман-есен елге оралды, майдандағы ерлігін әйгілейтін орден, медальдары баршылық.
Елге оралған соң МТС-та, ол таратылған соң колхоз, совхозда 17 жыл комбайншы, тракторшы болып жұмыс істеді. Алған сый-сияпаты жетерлік. Құдай қосқан қосағы Зауқия екеуі тату-тәтті өмір сүрді. 2 қызы Райза, Ажарханды тәрбиелеп, өсірді, оқытты. Райза Зайсан қазақ орта мектебін жақсы бітіріп, жоғарғы білім алды, ұзақ жылдар елге қызмет етті. Ажархан 1965 жылы мектепті үздік бітіріп, медицина институтын тәмамдап, аудандық ауруханада көп жыл еңбек етті, бас дәрігердің орынбасары болды.
Жотабаев Бұзауханды кезінде «аудан атасы» деп құрметтейтін, әрқашан төрге шығаратын. Көпті көрген, көңілге түйген, шежіреші, әңгімешіл, діндар адам еді. 1998 жылы 96 жасында өмірден өтті.
Бұзаухан ата кейінгі жылдарды «1941-1945жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 30,40 жыл» мерекелік медальдарымен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасымен (төрағасы Д.Керімбаев, хатшысы Х.Доспанова қол қойған) марапатталған.
Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының Зайсан филиалы