Тыл ардагерлері
Жантасов Қайролда Омарұлы
1924 жылы Зайсан ауданы, Ақарал ауылында туған. Алғашында Жамбыл ауылындағы бастауыш мектепті бітіріп, одан әрі Көгедай мектебінде оқып, 1941 жылы оқуын аяқтады. Осы жылы ФЗО мектебіне алынып, Свердлов облысы, Нижний Тагиль қаласында тас қалаушы, сылақшы, ағаш шебері мамандықтарын меңгеріп шығады. 1942 жылы қараша айында әскерге алынып, 1943 жылдың 1-мамырына дейін Түркменияда дайындықта болған. Сол кездегі 18 жасар жігіт Украинаға жіберіледі. Украинада 136 дивизия, 58 атқыштар полкі құрамында майданға кіреді.
1944 жыл 25 қаңтарда қанды шайқастардың бірінде ауыр жараланып, Чита қаласындағы госпитальге жіберіледі. 1944 жылдың маусым айында жарасы жазылғаннан кейін туған еліне оралады. Туған жерге оралған соң да бейбіт өмірдің майданына атсалысқан Қайролда Омарұлының еңбек жолы егінде есептеуші бригадирліктен басталды. 1950 жылдың қараша айында Семейге барып 3 жылдық арнаулы оқу орнында агроном, зоотехник мамандығын алып елге оралады.
1953 жылы Жамбыл колхозында агроном болып істейді. Ал 1954 жылдың ақпан айынан бастап аудандық партия комитетінің шешімімен сол кездегі «Освобождение» кейіннен «Қарабұлақ» сохозына бас зоотехник болып бекітіледі. Содан осы жұмыста 1969 жылға дейін, одан әрі ферма меңгерушісі, зоотехнигі болып жұмыс атқарады. 1984 жылы зейнеткерлікке шықты.
Қайролда халық арасында да өзінің еңбегімен танылып, құрметті азаматтардың бірі болды. Сол еңбегі үшін «Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесі» медалімен екі рет, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Ал майдандағы ерлігі үшін екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жеңістің 40 жылдығы», «Жеңістің 50 жылдығы» мерекелік медалі және Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков атындағы медальмен, «СССР Қарулы күштерінің 50 жылдығы» медалімен марапатталған.
Қ.Жантасов зайыбы Гүлжамал апай екеуі елу жыл бір шаңырақ астында өмір сүріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Ауданымыздың әлеуметтік экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосты.
Тылда 1941-1942,1944-1945 жылдары жанқиярлықпен еңбек еткен, майданда ерлікпен шайқасқан Қайролда Омарұлы елінің құрметіне бөленген ардагер.
Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының Зайсан филиалы