Тыл ардагерлері
Егінбаев Нүкен (Нұрғабдолла)
1919 жылы Зайсан уезінің Үлкен Қаратал ауылында өмірге келді. Бала кезінен бастап көп қиындық көріп өсті. Еңбекте ерте есейді. Шыныққан жалынды жас оқуда да алда болды. 1941 жылы Зайсандағы педогогикалық училищені бітірді. Ұлы Отан соғысы басталғаннан 2-3 жыл мектептерде ұстаздық етті. Тылдағы еңбекке белсене қатысты. Комсомол мүшесі ретінде оқушыларды, ауыл жастарын еңбекке жігерлендіріп бастай білді.
1943 жылы әскерге шақырылды, Тамбов қаласындағы офицерлер даярлайтын мектепті бітірді. Майданда әскери бөлімшелердің (Взвод,рота) командирі жауынгерлерімен бірге ерлік көрсетті, жауынгерлік «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталды. Берлин шабуылына қатысты, гвардия аға лейтенанты шенімен елге оралды, мектептерде ұстаздық етті, институтта оқып жоғары білім алды. 1949 жылы Зайсандағы қазақ орта мектебінің директорлығына тағайындалды. Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, «Қарабұлақ» совхозы партия комитетінің хатшысы, Мичурин совхозының директоры қызметтерін атқарды. Қазақ ССР Жоғары Советінің Құрмет грамотасын алды. Бірнеше рет аудандық партия комитетінің мүшелігіне, аудандық кеңестің депутаттығына сайланды. 1971-1985 жылдары Катон-Қарағай ауданының Ақсу мектебінде қазақ тілі пәнін оқытты. Катон-Қарағай аудандық ардагерлер кеңесіне 13 жыл төрағалық етті.
Егінбаев Нүкен ағамыз тылдың, Отан соғысының ардагері, майданда әскери бөллімдерді басқарған офицер, Зайсан ауданының өркендеуіне елеулі үлес қосқан, жас ұрпақты тәрбиелеген, құрметке бөленген тұлға ретінде елінің есінен өшпейді.
Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының Зайсан филиалы