Жеңіс тылда шыңдалған

Тыл ардагерлері

Аманжанов Қызыр

1925 жылы 25 қаңтарда Зайсан өңірінің Жаңатұрмыс ауылына жақын «Айдапкел» қыстауында өмірге келген. 1934 жылы Жаңатұрмыс ауылындағы бастауыш мектепте, 1938 жылдан Зайсан қаласындағы қазақ орта мектебінде оқыды, 7 кластық білім алды. Соғыс басталған 1941 жылы жазда еңбекке араласты, «Жаңатұрмыс» колхозында есепшілік (учетчик) жұмысты атқарды. Есепшілік ол кісінің өмірлік мамандығының бастамасы еді.
1943 жылы әскерге шақырылып, Пермь, Горький, Калинин облысының деревняларында әскери даярлықтан өтті, атқыш, саперлікке жаттықты. 1944 жылы Ленинград қаласы үшін шайқаста ауыр жарақат алып, 1945 жылы елге қайтарылды.
Келе еңбекке араласты. Колхозда хатшы, есепші болды. 1952 жылы Ворошилов колхозында бас есепші, 1957 жылдан Абай, кейін «Кендірлік» аталған совхозда бас есепшінің орынбасары, 1959-1972 жылдары осы шаруашылықтың бас есепшісі қызметтерін атқарды. 1964 жылы Талғар қаласындағы ауыл шаруашылық техникумын, 1972 жылы Алматыдағы халық шаруашылығы институтын бітірген (еңбектен қол үзбей жүріп). 1972-1987 жылдары  «Кендірлік» совхозының директоры болды. Ол басқарған шаруашылық үнемі алдыңғы қатардан көрінді. Аудандық, облыстық, республикалық ауыспалы Қызыл Туларды әлденеше рет жеңіп алды. Ауыл шаруашылығы өндірісінің, есеп-қисаптың білгір маманы еді.
Тылдың, майданның айтулы ардагері 1 дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, 15 медальмен, 2 рет Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Әлденеше рет Зайсан аудандық партия комитетінің мүшелігіне, Қара Ертіс ауылдық, Зайсан аудандық Кеңесінің депутаттығына сайланды. «Зайсан ауданының құрметті азаматы» атағы берілді, Дайыр ауылының бір көшесі ол кісінің есімімен аталады, газеттерде қаншама мақала, очерктер жарияланды, Күршімдік ақын, ардагер Қабдолда Тұраров Аманжановқа арнап «Азамат туралы жыр» толғауын жазған. Зайсан жұртшылығы Кәкеңді «Үш бәйтеректің біріне» балаған, атағы алысқа кеткен ардагеріміз ретінде елінің есінде сақталуда.

Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының Зайсан филиалы