Шығыстың дара тұлғасы – Бағдат Шаяхметов

Адам өмірінің мәні – артында өшпес із, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық өнегелі іс қалдыруында. Өзінің саналы ғұмырын елінің өркендеуіне, отандық өндірістің дамуына арнаған, адал еңбегімен биік белестерді бағындырған азаматтар қашанда халық жадында сақталады. Осындай ел тарихында өзіндік орны бар, Шығыстың дара тұлғасына айналған азаматтардың бірі – Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті металлург, мемлекет және қоғам қайраткері Бағдат Мұхаметұлы Шаяхметов.

"Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігі Шығыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Шығыстың дара тұлғасы» атты еске алу конференциясы өтті.

Конференцияға  облыс әкімінің орынбасары А. С. Садырбаев,   Бағдат Мұхаметұлының   немересімен, бауырлары, үзеңгілес жолдастары, әріптестері, Өскемен титан-магний комбинатының еңбек ұжымының өкілдері, жастар қатысты.

Тағылымды шараның мақсаты – көрнекті тұлғаның өмір жолын, еңбек тәжірибесін, ел экономикасын дамытуға қосқан үлесін кеңінен насихаттау, аға буынның өнегесін жас ұрпаққа жеткізу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту.

А. Шерубаев  жиынның кіріспе сөзін былайша өрбітті:       -Бағдат Мұхаметұлы Шаяхметовтің өмір жолы – қарапайым жұмысшыдан ірі өндіріс басшысына дейін көтерілген, табандылық пен кәсіби шеберліктің, адал еңбек пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Ол өзінің бар күш-жігерін еліміздің титан-магний өнеркәсібін дамытуға арнады. Оның басшылығымен Өскемен титан-магний комбинаты өзінің өндірістік әлеуетін сақтап қана қоймай, жаңа технологияларды игеріп, халықаралық нарықтағы орнын нығайта түсті.

Бұл – бір ғана кәсіпорынның жетістігі емес, тұтас отандық өнеркәсіптің дамуына қосылған қомақты үлес. Өндіріс саласында біліктілік пен іскерлікті ұштастыра білген Бағдат Мұхаметұлы өз ісіне деген адалдығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен және биік азаматтық ұстанымымен ерекшеленді.

Мемлекет басшысы Қ-Ж. Тоқаев биылғы Жолдауында отандық өнеркәсіпті дамытуға, еңбек адамының мәртебесін арттыруға, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге айрықша назар аударды. Президент айқындаған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты Бағдат Мұхаметұлының бүкіл өмір жолымен үндеседі. Өйткені оның тағдыры – маңдай термен жеткен табыстың, кәсіби шеберліктің және туған елге қалтқысыз қызмет етудің нақты көрінісі.

Еске алу конференциясы Республикалық ардагерлер ұйымының жеті басым бағытты қамтитын «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» бастамасы аясында ұйымдастырылып отыр. Аталған бастаманың негізгі мұраты – аға буынның өмірлік тәжірибесі мен еңбек жолын жас ұрпаққа үлгі ету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, еңбекқорлық пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру деп атап өтті Айтқазы Сейітұлы.

Металлургия саласының ардагерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер өз естеліктерінде  көрнекті тұлғаның ел дамуына сіңірген еңбегін тағы бір мәрте еске түсіріп, оның адами болмысы мен азаматтық келбетін кейінгі ұрпаққа танытуға ортаға салды. Жастар мен студенттерге де ерекше орын берілді – себебі өндірістің қыр-сырын меңгеріп, ел экономикасының дамуына үлес қосуды мақсат еткен жастар үшін Бағдат Шаяхметов секілді еңбек майталмандарының өмір жолы жастарға үлкен мектеп.

Конференция сонында еліміздің металлургия саласын, ардагерлер ұйымын дамытуға қосқан үлестері үшін «Шығыс Қазақстан облысының «Құрметті ардагері»    белгісімен       еңбек ардагерлері Н. Ф. Чепрасовпен   Ж.Қ. Қажымұратов марапатталады.

Отырыс «Ақбосаға» ардагерлер ансамблінің орындауында «Көзкөргендер» және  «Күн дидарлы Қазақстан» әндерін орындауымен аяқталды.