Ямал-Ненец автономиялық округі Үкіметінің қолдауымен "Ямал плацдармы" іздестіру жасағы Семей қаласына сапар жасады

Сапар аясында Иван Ябтик пен Мұхтар Қайшатаевтың әскери ұрпақтары кездесті.

Екі сарбаз да  Беларусь майданы 46 атқыштар дивизиясының 340 атқыштар полкінде қызмет етіп, екеуі де 1945 жылы қаңтарда Польшадағы бір шайқаста қаза тапты.

Бүгінде Ямал ауданы Сеяха ауылында тұратын Иван Ябтиктің немересі Анатолий Ябтик және Мұхтар Қайшатаевтың немересі Мұхтар Қайшатаев  ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, 77 жыл бұрын ата-бабаларының уәдесін орындап Семейде кездесті.

Салтанатты кездесу қалалық әкімдікте қала басшысы Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен өтті.

– Біз бала кезімізден аталарымыздың суретін  ерліктің символы ретінде сақтап келдік. Олар бір жасақта қызмет етіп, бір жерде тұрды. Бүгін біз ата-бабаларымыздың тілегі мен арманын орындадық, - дейді майдангердің немересі Мұхтар Қайшатаев Делегациясы өз кезегінде жылы шыраймен қарсы алған семейліктерге ризашылықтарын білдірді.

Иван Ябтиктің немересі Анатолий бұл кездесу Қазақстан мен Ресейдің өскелең ұрпағын әскери-патриоттық тәрбиелеуге бағыттайтынын атап өтті.

- Біз атамыздың арманын орындау үшін алыстан келдік. Жылы қабылдағаныңыз үшін рахмет. Батырларымыздың ерліктерін есте сақтау керек. Бұл ұмытылмас  құндылық , – дейді Анатолий Ябтик.

Сапар аясында қонақтар қала жұртшылығымен кездесіп,  Ұлы Отан Соғысының қатысушыларының  мемориалына гүл шоқтарын қойды.